Абай облысында құрылыс нысандарындағы заң бұзушылықтар: 93,7 млн теңге айыппұл өндірілді

Дата: вчера в 11:18 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Абай облысында құрылыс нысандарының сапасы мен қауіпсіздігіне бақылау күшейтіледі, деп хабарлайды Arnapress.kz облыс әкімдігінің баспасөзіне сілтеме жасап. 

Бұл туралы облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен жиында айтылды. Жиында өңірдегі құрылыс нысандарының қазіргі жай-күйі қаралып, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының атқарған жұмысы сараланды.

мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сайлауғалы Байназаровтың мәліметінше, 2025-2026 жылдары облыста 276 жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Оның 198-і сараптаманың оң қорытындысын алған. Қазіргі таңда 34 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. 11 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген.

Жыл басынан бері құрылыс сапасын бақылау мақсатында 113 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 93,7 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілді. Сонымен қатар өткен жылы анықталған 223 заң бұзушылықтың 208-і жойылған.

Биыл облыста 310 құрылыс нысанын мониторингпен қамту жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 197-сі зерделенді.

Облыс әкімі Берік Уәли мониторинг барысында анықталған заң бұзушылықтарды толық жоюды, инженерлік инфрақұрылым нысандарын пайдалануға беру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ аудан және қала әкімдеріне құрылыс нысандарына бақылауды күшейтуді жүктеді.

«Әр нысан уақтылы әрі сапалы салынуы тиіс. Құрылыс басталғаннан бастап, пайдалануға берілгенге дейін қатаң бақылауда болуы қажет», – деді аймақ басшысы.

Берік Уәли құрылыс жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзіміне қойылатын талаптарды күшейтуді, сондай-ақ жылыту маусымына дайындыққа ерекше назар аударуды тапсырды.

Фото: Arnapress.kz

По сообщению сайта Arna Press