ӘМСҚ қаржысын жымқыру: 140 мың азамат жалған тіркелген

Дата: сегодня в 13:38 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде заңсыз қаржы алу схемаларын анықтады, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚМА баспасөзіне сілтеме жасап.

Тергеу барысында шамамен 140 мың азаматтың медициналық ұйымдарға жалған тіркелгені және көрсетілмеген медициналық қызметтер туралы жалған мәліметтердің енгізілгені белгілі болды.

Қазіргі таңда аталған фактілер бойынша 36 қылмыстық іс тергелуде. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын 3,5 млрд теңгеден асады.

Түркістан облысында Жетісай көпсалалы аудандық ауруханасының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізілуде. Тергеу дерегіне сәйкес, МӘМС аясында бөлінген қаражат іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетпеген әрі тауар жеткізбеген 20-дан астам жеке кәсіпкердің есепшоттарына аударылған. Кәсіпкерлердің деректемелері ақшаны заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылған. Бұл іс бойынша мемлекетке келтірілген шығын 501 млн теңгеден асып, екі күдікті қамауға алынды.

Астанада «Forte Clinic» ЖШС-нің басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу схемасын ұйымдастырғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның сыбайласы — Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының қызметкері азаматтарды тіркеуге қатысты өтінімдерді заңсыз мақұлдағаны үшін 3 жылға сотталды. Тергеу барысында клиникаға 15 мыңнан астам азаматтың заңсыз тіркелгені және ақпараттық жүйе арқылы 79 млн теңгенің жалған медициналық қызметі рәсімделгені анықталды.

Алматы облысында «Mydental.kz» ЖШС мен «Стоматология Dr. Nurzhanova» ЖШС клиникаларының басшысы стоматологиялық қызмет көрсету кезінде алаяқтық жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу мәліметінше, пациенттерге іс жүзінде қызмет көрсетілмеген, ал құжаттарды рәсімдеу кезінде дәрігерлердің тіркелгі жазбалары мен кәмелетке толмағандардың жеке деректері заңсыз пайдаланылған. Соның салдарынан 4,5 мыңнан астам жалған медициналық қызмет көрсету дерегі анықталып, мемлекетке 66 млн теңге көлемінде шығын келтірілген.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, МӘМС қаражатын заңсыз пайдалану фактілерін анықтау және жолын кесу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

​​​​​​​Фото: ЖИ

По сообщению сайта Arna Press