Семейде көлік капотына отырған жолаушы жауапқа тартылды

Дата: сегодня в 13:48

Семей қаласында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізуші мен жолаушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Arnapress.kz полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Оқиға 14 шілде күні Қарағайлы шағын ауданында болған. Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында қозғалыстағы Toyota RAV4 автокөлігінің капотында отырған жолаушының видеосы анықталған.

Тексеру нәтижесінде көлікті 22 жастағы қала тұрғыны басқарғаны белгілі болды. Ол жолаушыны көлік салонынан тыс тасымалдағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ал көлік қозғалысы кезінде капотта отырған 24 жастағы жолаушы да жол қозғалысы қағидаларын бұзғаны үшін жауапқа тартылды.

Абай облысы Полиция департаменті мұндай әрекеттердің адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін ескертеді. Тәртіп сақшылары азаматтарды әлеуметтік желі үшін қауіпті әрекеттерге бармай, жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтауға шақырады.

Фото: Абай облысы Полиция департаменті

По сообщению сайта Arna Press