Қазақстан балуандары Будапештте 12 медаль жеңіп алды

Дата: вчера в 14:36


Венгрия астанасында 15-19 шілде аралығында өткен Имре Поляк, Янош Варга және Иштван Козма мемориалы мәресіне жетті. United World Wrestling күнтізбесіне енген маусымның қорытынды рейтингтік турнирінде Қазақстан құрамасы еркін, әйелдер және грек-рим күресінен барлығы 12 медаль – 2 алтын, 3 күміс және 7 қола жүлде иеленді. Бұл туралы Sportinfo.kz ақпарат агенттігі Қазақстан күрес федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан құрамасының Будапешттегі табысты өнеріне еркін күрес шеберлері елеулі үлес қосты. Ұлттық құрама екі алтын, бір күміс және төрт қола медаль олжалап, жарыстың алғашқы күндерінен-ақ жоғары нәтиже көрсетті.

61 келіге дейінгі салмақта Асыл Айтақын қарсыластарын бірінен соң бірін ұтып, финалда Түркия өкілі Толга Өзбекпен кездесті. Белдесу 2:2 есебімен аяқталғанымен, қосымша көрсеткіш қазақстандық балуанның пайдасына шешіліп, Асыл Айтақын жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Аса ауыр салмақта сынға түскен Едіге Қасымбек те жарысты жеңіліссіз аяқтады. Ол турнир барысында төрт қарсыласын жеңіп, жартылай финалда Қытай өкілі Бухээрдунды 10:0 есебімен мерзімінен бұрын ұтты. Финалда Польша балуаны Камиль Косьолектен 5:0 есебімен басым түскен Едіге Қазақстан құрамасына екінші алтын медальді әкелді.

74 келіде Нұрқожа Қайпанов финалға дейін жетіп, күміс жүлдеге ие болды. Ал Нұрданат Айтанов пен Мейрамбек Қартбай 57 келіде, Әділет Әлмұхамедов 61 келіде, Начын Куулар 65 келіде қола медаль жеңіп алды.

Еркін күрес балуандары бастаған жүлделі жолды әйелдер құрамасы жалғастырды. Қазақстандық спортшылар бұл бағдарламада бір күміс және бір қола медаль иеленді.

72 келіге дейінгі салмақта Жәмилә Бақбергенова алғашқы екі кездесуін айқын басымдықпен аяқтады. Ол Қырғызстан өкілі Қайыркүл Шаршебаеваны 10:0, Үндістан балуаны Дикша Маликті 11:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңді. Төрт спортшы қатысқандықтан, бұл салмақтағы бәсеке айналмалы жүйемен өтіп, алтын медальдің тағдыры соңғы айналымда шешілді. Польша өкілі Виктория Холуймен болған шешуші кездесуде Жәмила Бақбергенова қарсыласына жол беріп, күміс жүлдегер атанды.

50 келіде Зейнеп Баянова жарысты екі жеңіспен бастап, жартылай финалға дейін жетті. Ол Оңтүстік Корея өкілі Миран Чеонды 11:1, Надежда Соколовадан 16:11 есебімен басым түсті. Жартылай финалдағы белдесуден кейін Зейнеп турнирді қола медальмен қорытындылады.

Будапешттегі бес күндік бәсекені грек-рим күресінің өкілдері түйіндеді. Қазақстан құрамасы бұл сында 1 күміс және 2 қола жүлдеге ие болды.

60 келіге дейінгі салмақта Ернұр Фидахметов үш кездесуде жеңіске жетіп, финалға жолдама алды. Ол алғашқы айналымда Анвар Аллахияровты 6:3, ширек финалда Өзбекстан өкілі Мехрож Бахрамовты 2:1 есебімен ұтты. Жартылай финалда ұлттық құрамадағы әріптесі Ербол Камалиевтен 10:6 есебімен басым түскен Ернұр шешуші белдесуге шығуға тиіс еді. Алайда алған жарақатына байланысты Қырғызстан өкілі Жоламан Шаршенбековпен өтетін финалға қатыса алмай, күміс жүлдегер атанды.

55 келіде Исхар Құрбаев ширек финалда Өзбекстан балуаны Ихтиёр Ботировқа 5:6 есебімен жол берді. Ботиров финалға шыққаннан кейін қазақстандық спортшы жүлде үшін күресу мүмкіндігіне ие болды. Қола медаль үшін өткен нәтижелі белдесуде Исхар Үндістан өкілі Лалитті 18:10 есебімен техникалық басымдық арқылы мерзімінен бұрын жеңді.

67 келіде Дінмұхамед Қошқар қола медаль жеңіп алды. Қазақстандық балуан үшінші орын үшін Армения өкілі, Олимпиада ойындарының жүлдегері Славик Галстянмен кездесуі тиіс еді. Алайда қарсыласы бозкілемге шықпады. Нәтижесінде жеңіс Дінмұхамед Қошқарға беріліп, ол Будапешттегі рейтингтік турнирдің қола жүлдегері атанды.

Турнирдегі есте қаларлық белдесулердің бірі 82 келіде өтті. Демеу Жадыраев екі дүркін әлем чемпионы Ақжол Махмұдовпен кездесуде 2:1 есебімен алда тұрған сәтте қарсыласын тушеге түсірді.

Осылайша, Қазақстан құрамасы Будапешттегі рейтингтік турнирді 2 алтын, 3 күміс және 7 қола медальмен аяқтады. Ұлттық құрама балуандары бес күнге созылған жарыста бірнеше салмақта финалдық және жүлделі белдесулерге дейін жетіп, маусымның алдағы маңызды додалары қарсаңында тәжірибе жинақтады.

По сообщению сайта SportInfo