Әр баланың бойындағы талантты дер кезінде байқап, оны шыңдау — ең алдымен ата-ананың қолдауынан басталады. Ы.Алтынсарин атындағы №37 мектептің 5 «В» сынып оқушысы Азиза Касенова – жастығына қарамастан халықаралық, республикалық және облыстық байқауларда топ жарып жүрген дарынды оқушылардың бірі. Оның шығармашылық жолы, жетістіктері мен армандары туралы анасы Айнұр Касымжанова Arnapress.kz тілшісіне әңгімелеп берді.
Айнұрдың айтуынша, Азиза кішкентай кезінен өнерге жақын болып өскен. Ән айтуға, музыка тыңдауға ерекше қызығушылық танытып, кейін жетіген аспабын меңгеруге бел буған. Бүгінде ол музыкалық мектепте жетіген, фортепиано және вокал сыныптарында білім алып, актерлік шеберлігін де қатар дамытып келеді.
«Азизаның өмірлік ұстанымы – «Өнер — жүректің тілі. Арманға сенген адам ғана биікке жетеді». Ол осы сөзді әрдайым жадында ұстайды. Қандай іске кіріссе де жауапкершілікпен қарап, бастаған ісін соңына дейін жеткізуге тырысады», — дейді Азизаның анасы.
Анасының сөзінше, соңғы үш жылдың ішінде Азиза көптеген халықаралық және республикалық байқауларда бақ сынап, бірнеше мәрте Бас жүлде мен І орынға ие болған.
«2023 жылы халықаралық фестивальде Бас жүлде жеңіп алса, сол жылы екеуміз бірге республикалық жобада «Семейлік мама, доча блогерлері» номинациясының жеңімпазы атандық. 2024 жыл Азиза үшін ерекше табысты болды десем артық емес. «Art Жұлдыз» халықаралық ән байқауында Бас жүлде иеленіп, Ташкент қаласына жолдама алды. Кейін Ташкентте өткен халықаралық байқауда жетіген аспабынан Бас жүлде, вокал жанры бойынша І орынға ие болған. Ал Өскемен қаласында ұйымдастырылған «Halyk Star» халықаралық байқауында жетігеннен І орынға ие болды», — дейді Айнұр
Сол жылдың соңында халықаралық ALTYN ABAI байқауында француз тіліндегі «Je veux» әнін орындап, І орын иеленсе, ALTYNBALA халықаралық байқауында вокал жанры бойынша тағы да жеңімпаз атанған екен.
Айнұрдың сөзінше, қызының өнер жолындағы ең әсерлі сәттердің бірі – белгілі әншілермен бір сахнада өнер көрсету мүмкіндігі болған. Азиза Қуандық Рахым, Бейбіт Қорған, Мөлдір Әуелбекова, Қарақат Әбілдина, Майра Ілиясова, Мәди Ахметқожа, Абай Бегей сынды өнер иелерімен бірге концерттерге қатысқан.
«Елге сәлем», «Сенбі» бағдарламаларына қатысып, бірнеше телеарнаға сұхбат берген болатынбыз. «Азиза мен сиқырлы жетіген» телевизиялық ертегісінде басты рөлді сомдағаны да бар. 2024–2026 жылдары халықаралық және республикалық байқауларда бірнеше мәрте Бас жүлде мен І орын иеленіп, «Новая поколение», Теміржан Базарбаев атындағы халықаралық фестиваль, «Алтын Самұрық» байқауларының жеңімпаз болды. ЮНЕСКО аясындағы шығармашылық жобаларға да қатысып, жүлделі орындар алып жүр», — дейді Айнұр
Анасының айтуынша, жас өнер Азиза 2025 жылы республикалық «Дарынды 1000 бала» байқауында «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша Бас жүлде алып, Түркияда өтетін халықаралық финалға жолдама жеңіп алған. Сондай-ақ сыныптасы Әлішермен бірге алғашқы ұстазына арналған «Ұстазым» әніне мектеп ұжымымен бейнебаян түсірген.
»Арыстан патшасы» қойылымында Шензи рөлін сомдап, актерлік қабілетін тағы бір қырынан көрсетті. Азиза тек өнермен ғана шектелмейді. Ол бес жасынан ағылшын тілін меңгеріп келеді, түрлі олимпиадаларға қатысады, робототехникаға қызығады. Кітап оқығанды ұнатады, фото-видео түсірумен айналысады, аспаздыққа да бейімі бар. Үйде өте қамқор қыз. Сіңілісіне жанашырлық танытып, үй шаруасына көмектеседі. Әр ісін сүйіспеншілікпен орындайды. Біз үшін оның алған марапаттарынан бұрын адамгершілігі мен тәрбиесі маңызды», – дейді анасы Айнұр Касымжанова.
Бүгінде Азизаның ең үлкен арманы – қазақтың ұлттық өнерін әлемге танытып, үлкен сахналарда өнер көрсету. Анасының сенімінше, еңбекқорлығы мен талпынысының арқасында бұл арманының орындалатынына күмән жоқ.
Гүлнұр Ахметжан
Фото: Анасы Айнұр Касымжановадан
По сообщению сайта Arna Press