Сквиш пен түрлі антистресс ойыншықтары бүгінде балалар арасында ең танымал ойыншықтардың біріне айналды. Түрлі пішін мен ашық түсте жасалған бұл бұйымдарды бүгінде әрбір ойыншық дүкенінен, тіпті базарлардан да кездестіруге болады. Алайда олардың барлығы бірдей қауіпсіз бе?
Бұл сұрақ соңғы уақытта әлеуметтік желіде тараған оқиғадан кейін көпшілікті алаңдатты. Онда бір ана баласының сквиш ойыншығы жарылып, ішіндегі белгісіз сұйықтықтың салдарынан қолы күйіп қалғанын айтып, өзгелерді сақ болуға шақырған. Бұл жағдай ата-аналардың ойыншықтардың сапасы мен қауіпсіздігіне деген күмәнін күшейтті.
Осы мәселеге байланысты ArnaNews хабарында Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандарымен сұхбаттасқан едік. Мамандар балаларға арналған ойыншықтарды міндетті түрде сапасы расталған, сәйкестік сертификаты бар сауда орындарынан сатып алуға кеңес берді. Олардың айтуынша, сертификатталған өнімдер ғана тиісті қауіпсіздік талаптарына сәйкес тексеріледі.
Алайда бұл талаптардың іс жүзінде қалай орындалатынын білу мақсатында Arnapress.kz тілшісі Семей қаласындағы базарларда орналасқан бірнеше ойыншық сататын дүңгіршекті аралап көрді. Тілші сатушылардан ойыншықтардың сәйкестік сертификатын немесе қауіпсіздігін растайтын құжаттарды сұратқан.
Нәтижесінде, барған сауда орындарының бірінде мұндай құжат мүлде болмай шықты. Тіпті сатушылардың өздері сертификаттың не үшін қажет екенін түсінбей, таңданысын жасырмады.
Бұл жағдай балаларға арналған өнімдердің қауіпсіздігіне қатысты бақылау мен тұтынушылардың сауаттылығы әлі де өзекті мәселе екенін көрсетеді. Мамандар ата-аналарға ойыншық сатып аларда оның сыртқы қаптамасына, өндірушісі туралы ақпаратқа, таңбалануына және сәйкестік сертификатының болуына міндетті түрде назар аударуға кеңес береді. Өйткені баланың денсаулығы мен қауіпсіздігі кез келген ойыншықтың әдемілігі мен арзандығынан әлдеқайда маңызды.
Фото: Arnapress.kz
По сообщению сайта Arna Press