4 мыңнан астам адамға жалған жұмыс рәсімделген

Дата: сегодня в 13:28

Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді заңсыз рәсімдеу фактілері анықталуда, деп хабарлайды Arnapress.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап. 

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘАСҚ) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі қаражаттың заңды әрі мақсатты жұмсалуын бақылау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жүргізілген мониторинг барысында жалған еңбек қатынастарын рәсімдеу арқылы әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу деректері анықталған.

Тексеру нәтижесінде еліміздің 13 өңірінде 38 қылмыстық іс қозғалды. Мамандардың мәліметінше, 258 кәсіпкерлік субъектісі 4,4 мыңнан астам азаматқа жалған жұмысқа орналастыру құжаттарын рәсімдеген.

Сот шешімімен 9 қылмыстық іс бойынша айыптау үкімдері шықты. Заңсыз схемаларды ұйымдастырған 12 адам кінәлі деп танылып, 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Олардың қатарында Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, ШҚО және өзге өңірлердің тұрғындары бар.

МӘСҚ өкілдерінің айтуынша, әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру түрлі ақпараттық жүйелердегі деректерді нақты уақыт режимінде салыстыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жалған табыс көрсету мен фиктивті жұмыспен қамту әрекеттерін ерте кезеңде анықтауға көмектеседі.

Қор мамандары әлеуметтік төлемдерді заңсыз көбейтуді ұсынатын күмәнді делдалдарға сенбеуге шақырады. Себебі мұндай әрекеттер үшін тек ұйымдастырушылар ғана емес, қызметті пайдаланған азаматтар да жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Әлеуметтік төлемдерге қатысты барлық ресми кеңестер тегін көрсетіледі. Азаматтар МӘАСҚ филиалдарына, «Азаматтарға арналған үкімет» бөлімшелеріне, 1414 байланыс орталығына немесе Қордың ресми әлеуметтік желідегі парақшаларына жүгіне алады.

Фото: ЖИ

По сообщению сайта Arna Press