Қазақстанда аңшылыққа бақылау күшейеді: жаңа заң қабылданды

Дата: вчера в 18:48 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Мәжіліс жануарлар дүниесі, орман және аңшылық шаруашылығы салаларын реттеуге бағытталған заңнамалық өзгерістерді екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Парламенті Мәжілісіне сілтеме жасап. 

Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске бірқатар ілеспе түзетулер енгізілді. Жаңа заң жобасы жануарлар дүниесін қорғау, оны көбейту және тиімді пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтуді көздейді. Атап айтқанда, қолдан немесе жартылай ерікті жағдайда өсірілген сирек әрі жойылып кету қаупі бар жануарларды тіркеу тәртібі енгізіледі. Бұл заңсыз ауланған жануарларды заңдастырудың алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар бұл саладағы қоғамдық бақылау да күшейтілмек.

Аңшылыққа қатысты талаптар да қатаңдайды. Енді түнгі көру құралдарын, оның ішінде инфрақызыл, электронды-оптикалық және жылу бейнелеу құрылғыларын пайдалануға тыйым салынады. Сондай-ақ қорықшының еріп жүруінсіз, жануарлар үйірге жиналатын кезеңдерде аң аулауға шектеу қойылады.

Жануарлар дүниесін пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. Оның ішінде жабайы жануарларды және олардың бөліктерін, соның ішінде ақбөкен мүйіздерін заңсыз жарнамалау, тасымалдау, сақтау және сату әрекеттері үшін де қатаң шаралар қарастырылған.

Бұдан бөлек, инфрақұрылым нысандарын орналастыру кезінде жануарлардың мекен ету ортасын және көші-қон жолдарын сақтау талап етіледі. Электр желілерінде құстарды қорғауға арналған құрылғыларды енгізу нормасы да бекітілді. Сондай-ақ жануарларға қатыгездік көрсетуге қатысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі.

Заң аясында экологиялық талаптарды сақтай отырып, жекелеген аумақтарда ірі туристік жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін және орман ресурстарын ұзақ мерзімді пайдалануға қатысты нормалар да қарастырылған.

Сонымен қатар қорықшылар мен аңшылық шаруашылықтары басшыларының құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу бойынша өкілеттігі кеңейтіліп, экологиялық бақылау автоматтандырылған мониторинг жүйелері арқылы күшейтілмек.

Фото: ЖИ

По сообщению сайта Arna Press