Абай облысының тұрғыны жүргізуші куәлігін ауыстыру кезінде күтпеген жағдайға тап болған. Ол мемлекеттік қызметтер порталы арқылы құжат рәсімдеуге өтініш берген сәтте психиатриялық есепте тұрғаны туралы мәлімет шыққан, деп хабарлайды Arnapress.kz Жоғарғы сот баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осыдан кейін азамат аурухана мен облыстық денсаулық сақтау басқармасын сотқа беріп, өзін психиатриялық есепке қоюды заңсыз деп тануды және психикалық науқастардың ұлттық тізілімінен мәліметтерін алып тастауды талап еткен.
Іс барысында медициналық мекеме комиссиясы талап қоюшыны есепке қою туралы ақпараттың қате енгізілгенін анықтаған. Қорытындыға сәйкес, азамат тиісті медициналық куәландырусыз және диспансерлік бақылау тәртібін бұза отырып есепке алынған.
Алайда уәкілетті орган аурухананың бұл мәліметтерді ақпараттық жүйеден жою туралы өтінішін қараусыз қалдырған.
Медициналық мекеме өкілдері талап қоюшының амбулаториялық картасы сақтау мерзімінің аяқталуына байланысты жойылғанын айтқанымен, оны растайтын құжат ұсынылмаған.
Ал денсаулық сақтау басқармасының өкілі мәліметтерді тізілімнен алып тастау үшін азамат дәрігерлік-консультациялық комиссияның тексеруінен өтуі қажет екенін мәлімдеген.
Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты іс материалдарын қарап, талап қоюшыны психиатриялық есепке қою заңсыз болған деген қорытындыға келген.
Сот барысында жауапкерлер азаматтың психиатриялық көмекке жүгінгенін, медициналық куәландырудан өткенін, клиникалық бақылауда болғанын немесе медициналық көмек көрсетуге келісім бергенін дәлелдей алмаған.
Нәтижесінде сот талап қоюды қанағаттандырып, аурухана мен денсаулық сақтау басқармасына азамат туралы мәліметтерді психикалық науқастардың ұлттық тізілімінен алып тастауды міндеттеді.
Фото: ЖИ
По сообщению сайта Arna Press