16 жасар Даниель Юрекли Чолпон-Атадағы ITF J30 турнирінде топ жарды

Дата: сегодня в 12:07 Категория: Новости спорта


Теннистен Қазақстанның 16 жастағы өкілі Даниель Юрекли Чолпон-Ата қаласында (Қырғызстан) мәресіне жеткен ITF World Tennis Tour Juniors (J30) сериясындағы халықаралық турнирде топ жарды. Бұл туралы Sportinfo.kz ақпарат агенттігі ҚТФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Аталған жарыста отандасымыз бірінші нөмірлі фаворит ретінде өнер көрсетті. Юрекли финалға дейін қарсыластарына бірде-бір сет бермей, турнир кестесінен сенімді өтті.

Бас жүлде сарапқа салынған шешуші матчта Даниель жарыстың бесінші ракеткасы, ресейлік Максим Бочаровпен кездесті. Алғашқы партияда есе жібергенімен, қазақстандық спортшы ойын ағымын өзгерте біліп, үш сет қорытындысы бойынша ерік-жігерінің арқасында жеңісті жұлып алды. Тартысты бәсекенің соңғы есебі – 5:7, 6:4, 6:3.

Айта кетейік, бұл – Юреклидің соңғы уақыттағы халықаралық аренадағы екінші сәтті өнері. Бір ай бұрын Душанбеде (Тәжікстан) өткен осындай ITF J30 санатындағы турнирде қазақстандық жасөспірім отандасы Арафат Мұстафамен бірге жұптық сында жеңімпаз атанып, жекелей сында финалға дейін жеткен болатын.

По сообщению сайта SportInfo