Жазғы маусымда Алакөлге қосымша пойыздар қатынайды

Дата: сегодня в 11:18 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

2026 жылғы жазғы маусымда Ұлттық тасымалдаушы шамамен 4,2 миллион жолаушыны тасымалдауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Arnapress.kz КТЖ сілтеме жасап.

Оның ішінде 230 мыңға жуық адам Алакөл көлінің курорттық аймағына пойызбен барады деп күтілуде.

Жаз мезгіліндегі сұраныстың артуына байланысты ҚТЖ 15 қосымша теміржол бағытын іске қосады. Алакөлге қатынайтын пойыздар Астана, Алматы, Семей, Өскемен, Қызылорда және Павлодар қалаларынан жолға шығады.

Қосымша пойыздар мен тіркеме вагондар «Нұрлы жол — Достық», «Алматы — Достық», «Семей — Достық», «Өскемен — Достық», «Қарағанды — Балқаш», «Алматы-2 — Семей» және өзге де бағыттар бойынша ұйымдастырылады.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ Басқарма төрағасы Дияр Нүсіпқожанов жазғы кезеңде жолаушыларға қызмет көрсету үшін 2 мыңнан астам вагон пайдаланылатынын айтты. Оның ішінде стандартты вагондар, «Тальго» құрамдары және электр пойыздары бар. Вагондардың 86 пайызы кондиционер жүйесімен жабдықталған.

Сонымен қатар барлық пойыздарда фильм көруге және музыка тыңдауға мүмкіндік беретін мультимедиялық ойын-сауық порталы жұмыс істейді. Ерекше қажеттілігі бар жолаушылар үшін арнайы жабдықталған вагондар қарастырылған.

Билеттер теміржол кассаларында, сондай-ақ bilet.railways.kz сайтында және цифрлық билет сервистерінде қолжетімді. Қосымша ақпаратты 1433 нөмірі арқылы немесе «Жолаушылар тасымалы» АҚ Instagram парақшасы арқылы алуға болады.

Фото: ЖИ

По сообщению сайта Arna Press