Жүйелі бұзушылықтар анықталды: салықтық бақылау нәтижелері жарияланды

Дата: вчера в 13:28

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті коллекторлық агенттіктерге қатысты жүргізілген тексеру нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Arnapress.kz комитетке сілтеме жасап. 

Ведомство мәліметінше, бірқатар заңбұзушылықтар мен салықтан жалтару тәуекелдері анықталған.

Тексеру барысында 7 коллекторлық агенттік бойынша 11,8 млрд теңге көлемінде табыстың жасыру дерегі тіркелген. Төленбеген қосылған құн салығы 128 млн теңгені құраса, ҚҚС бойынша тіркеуден өтпегені үшін қосымша 1,6 млрд теңге айыппұл есептелген.

Сонымен қатар, ұқсас белгілері бар тағы 15 салық төлеуші анықталып отыр. Оларға қатысты ықтимал бұзушылық көлемі 61,6 млрд теңгеге, ал төленбеген ҚҚС шамамен 7,4 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Қазіргі уақытта бұл деректер тексеру сатысында.

Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, кейбір агенттіктер банктерден қарызды номиналдық құнынан төмен бағада сатып алып, оны өндіріп алу арқылы табыс тапқан. Алайда түскен қаражаттың бір бөлігі қарызды қайтару ретінде көрсетіліп, ҚҚС-тан босатылған операция ретінде есепке алынған.

Ведомствоның айтуынша, сатып алу құны мен өндіріп алынған сома арасындағы айырма – нақты табыс көзі болып табылады және ол салық салынатын айналымға енгізілуі тиіс. Алайда жекелеген жағдайларда бұл табыс дұрыс көрсетілмеген.

Мемлекеттік кірістер комитеті бұл тәжірибе жекелеген емес, жүйелі сипат алғанын атап өтті. Осыған байланысты нарықтағы барлық қатысушыларға тең жағдай жасау және салықтан жалтару тәуекелдерінің алдын алу мақсатында қосымша тексеру мен талдау жұмыстары жалғасуда.

Фото: ЖИ

По сообщению сайта Arna Press