Семейде бірнеше тұрғын үйдің қаспеттері жаңартылады

Дата: сегодня в 16:28 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Биыл Семей қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің сырт келбетін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жоспарға сәйкес, шамамен 30-ға жуық тұрғын үйдің қасбеті бірыңғай сәулеттік үлгіде жөнделмек, деп хабарлайды Arnapress.kz Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Облыс әкімі Берік Уәли бүгін қаладағы Кеңгірбай би көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үй аумағына барып, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Аталған үйдің қасбеті термопанельмен қапталып, балкондары металлсайдингпен әрленген. Сонымен қатар терезе жиектері мен сәндік кронштейндер орнатылып, сыртқы жарықтандыру жүйесі де жаңартылған.

Қала әкімі Әділет Қожанбаевтың айтуынша, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл қаладағы 30-ға жуық тұрғын үй осындай бірыңғай үлгіде жаңартылады. Бұл бастама ғимараттардың сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, шаһардың сәулеттік тұтастығын қалыптастыруға бағытталған.

Жөндеу жұмыстары тұрғындар тарапынан да оң бағасын алуда. Көп жылдан бері осы үйде тұрып келе жатқан тұрғындар атқарылған іске ризашылықтарын білдірді.

Облыс әкімі Берік Уәли қала келбетін жаңарту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтіп, жөндеу сапасына ерекше назар аудару керектігін айтты.

Жалпы, Семей қаласында көпқабатты үйлердің қасбетін жаңартуға арналған арнайы бағдарлама қарастырылмағанымен, 2023 жылы бекітілген қағидалар негізінде 2022–2025 жылдар аралығында 89 тұрғын үйдің қасбеті ағымдағы жөндеуден өткен.

Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

По сообщению сайта Arna Press