Құжатсыз, заңсыз салынған нысан: Курчатовтағы қайғылы жағдайдың мән-жайы анықталуда

Дата: вчера в 18:48 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Абай облысының Курчатов қаласында салынып жатқан ғимараттың қабырғасы құлап, қайғылы жағдай орын алды. Алдын ала мәлімет бойынша, нысан заңсыз тұрғызылған әрі тиісті құжаттары болмаған, деп хабарлайды Arnapress.kz.

Оқиға салдарынан екі адамның қаза табуына байланысты құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Бұған дейін Абай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі екі адамның денесі табылғанын хабарлаған.

Аталған нысанның заңдылығы, құрылыс барысының бақылаудан өткен-өтпегені және қауіпсіздік талаптарының не себепті сақталмағаны жөнінде Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте «Абай облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» ММ басшысы Сайлауғалы Байназаров түсініктеме берді.

«Барлық құжаттарын іздестіріп қарап, тексердік. Ол құрылыс заңсыз салынған. Курчатов қаласы әкімідігінен немесе азаматтардан ол құрылыс бойынша арыз, өтініш түспеген. Сондықтан құрылыс иесі бізден талон алмағандықтан бізде ешқандай құжаттары жоқ. Қазіргі кезде ол құрылыс нысанының құпылыс нормаларына сәйкестігін нарықтағы техникалық эксперттер деген болады. Сол құрылыстың нормаға сәйкес немесе сәйкес еместігін лицензиясы бар эксперттер зерделеу жүргізіп, қорытындысын шығарып, шешімін беру керек», — деді басқарма басшысы

Фото: жасанды интеллект арқылы

По сообщению сайта Arna Press