Алматыда 11,5 мың оқушы бір мезетте күй орындап, рекорд орнатты

Дата: вчера в 18:38

Алматы қаласындағы Almaty Arena мұз сарайында 11,5 мыңнан астам жас домбырашының қатысуымен ауқымды флешмоб өтті, деп хабарлайды Arnapress.kz Алматы өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Қаланың түкпір-түкпірінен жиналған мектеп оқушылары бір мезетте күй мен заманауи шығармаларды орындап, кеңістікті ұлттық аспаптың қуатты үнімен тербетті.

Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, алғашқы әуеннен-ақ зал ерекше атмосфераға бөленген. Мыңдаған домбыра үні бір арнаға тоғысып, дәстүр мен заманауи музыканың үйлесімін көрсеткен бірегей мәдени көрініске айналды.

200-ден астам мектептің жас өнерпаздары Төлеген Мұхамеджанов, Алтынбек Қоразбаев, Нұрғиса Тілендиев күйлері мен Құрманғазының «Балбырауын» шағармаларын заманауи попурри форматында сондай-ақ күйші-виртуоз Асылбек Еңсеповтің кеңінен танымал шығармаларын орындады.

Іс-шараға сахна жұлдыздары мен халықаралық рекордтар ұйымының өкілдері арнайы қатысты. Нәтижесінде, 4 минут 38 секундқа созылған бұл жетістік домбырамен ең көп адамның бір мезетте күй орындауы ретінде Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілді.

Фото: Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі

По сообщению сайта Arna Press