Қазақстанда тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік беретін жаңа бағдарлама «Наурыз» бағдарламасы 10 наурыздан басталады деп хабарлайды Аrnapress.kz «Отбасы банкке» сілтеме жасап .
Бағдарлама аясында азаматтар жеңілдетілген мөлшерлемемен баспана ала алады.
Қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі халықтың әлеуметтік осал топтарына (ХӘОТ) жататын және тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін жылдық 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін) болады. Ал тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтар, қандастар және Қазақстан Республикасының өзге де азаматтары үшін мөлшерлеме 9% (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін).
Заемның ең жоғары сомасы Астана және Алматы қалаларында 36 миллион теңгеге дейін, ал еліміздің қалған өңірлерінде 30 миллион теңгеге дейін белгіленген.
Алғашқы жарна қарыз сомасының 20%-ынан басталады. Ал таза әрлеудегі бастапқы тұрғын үй сатып алынған жағдайда бастапқы жарна 10%-дан басталуы мүмкін.
Несиелеу мерзімі 19 жылға дейін қарастырылған. Сонымен қатар заем сомасының 50%-ы жинақталғаннан кейін қарыз бойынша мөлшерлеме жылдық 3,5%-дан 5%-ға дейін төмендеуі мүмкін.
Бағдарламаға қатысу үшін азаматтардың Отбасы банкінде депозиті болуы қажет. Өтініш берген кезде депозиттегі жинақ сомасы кемінде 2 миллион теңгені құрауы тиіс.
Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар:
• Қазақстан Республикасының азаматтығы немесе қандас мәртебесінің болуы;
• жасы 18-ден 63 жасқа дейін болуы;
• соңғы 6 айда ресми табысының болуы;
• соңғы 5 жыл ішінде қатысушының және оның отбасы мүшелерінің меншігінде тұрғын үйдің болмауы.
Қатысушыларды іріктеу балдық жүйе арқылы жүргізіледі. Мысалы, әлеуметтік осал топ мәртебесі, балалардың болуы, тіркелген неке және қатысушының жасы қосымша балл береді.
Бағдарлама аясында бастапқы нарықтағы пәтерді, сондай-ақ кейбір өңірлерде екінші нарықтағы тұрғын үйді сатып алуға болады. Сонымен қатар бір несие аясында сатып алынатын бастапқы тұрғын үйге жөндеу жұмыстарына арналған қаражат та қарастырылған.
Тұрғын үйді таңдау және брондау Баспана маркет порталы арқылы жүзеге асырылады.
Фото: Отбасы банк
По сообщению сайта Arna Press