25 ақпан Чемпиондар Лигасында 1/16 финалдың екінші матчтары өтті. Аталанта, ПСЖ, Реал Мадрид пен Галатасарай келесі кезеңге жолдама алды!
Автор: Дамир Кульбаев
Ойын күнінің басты сенсациясы — «Аталанта»! Италиялық клуб алғашқы минуттардан бастап тізгінді өз қолына алып, екі матчтың қорытындысы бойынша есепті теңестіріп қана қоймай, алға да шықты. «Боруссия Дортмунд» таразы басын қайта теңестіргенімен, матчтың драмалық шешімі соңғы сәттерде белгілі болды — қосымша уақытта белгіленген пенальти «Аталантаға» 1/8 финалға жолдама сыйлады.
«ПСЖ» — «Монако» және «Реал» — «Бенфика» текетірестерінде сенсация тіркелген жоқ. Келесі кезеңге фавориттер — «ПСЖ» бен «Реал Мадрид» сенімді түрде өтті.
«Ювентус» — «Галатасарай» матчы жанкүйерлерге нағыз драма сыйлады. Алғашқы кездесуде 2:5 есебімен жеңілген туриндік клубқа мүмкіндік аздай көрінген. Алайда алаң иелері бір ойыншысынан айырылса да, жалпы есепті теңестіріп, матчты қосымша уақытқа жеткізді. Дегенмен, «Галатасарай» овертаймда екі гол соғып, 1/8 финалға жолдама алды.
По сообщению сайта SportInfo