Абай облысы аумағында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған игі бастамалар жүйелі түрде жалғасып келеді. Соның нақты дәлелі – Шар қаласына қарасты Көшек ауылы тұрғындарының «Алкогольсіз ауыл» республикалық жобасына бірауыздан қосылуы деп хабарлайды Arnapress.kz Абай облысы полиция департаментіне сілтеме жасап
2026 жылғы 16 ақпанда өткен жалпы ауылдық жиында Көшек ауылы ресми түрде «салауатты ауыл» мәртебесіне ие болды. Іс-шара Жарма ауданы аумағындағы мектеп ғимаратында ұйымдастырылып, оған құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелердің, білім беру саласының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ауыл ақсақалдары мен жастары қатысты.
Көшек — 40 ауладан тұратын, 170 тұрғыны бар шағын әрі берекелі елді мекен. Ауыл халқы қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрмыстық жанжалдарды азайту және жас ұрпаққа өнегелі орта қалыптастыру мақсатында алкоголь өнімдерінен ерікті түрде бас тарту туралы ортақ шешім қабылдады. Бұл – мәжбүрлі тыйым емес, қоғам игілігін көздеген саналы таңдау.
Жиында Шар қалалық полиция бөлімшесінің бастығы Нұржан Төлегенов сөз сөйлеп, бастаманың құқықтық тәртіпті нығайтудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, алкоголь тұтынудың азаюы құқық бұзушылықтардың төмендеуіне, отбасылық жанжалдардың азаюына және қоғамдық тұрақтылықтың артуына оң әсер етеді. Полиция өкілдері алдағы уақытта да профилактикалық жұмыстарды жалғастыратынын жеткізді.
Шар қаласы әкімдігі атынан сөз алған Ердоc Мұрымбаев ауыл тұрғындарының азаматтық жауапкершілігіне жоғары баға берді. Оның пікірінше, бұл шешім өңірдегі өзге елді мекендерге үлгі бола алады. Салауатты өмір салты — тек денсаулық кепілі ғана емес, әлеуметтік тұрақтылық пен дамудың маңызды факторы.
Ауыл ақсақалдары да бастаманы толық қолдап, бұл қадамның тарихи мәні бар екенін атап өтті. Олардың айтуынша, отбасындағы береке, балалардың болашағы және ауылдың дамуы — салауатты ортаға тікелей байланысты.
Бүгінде Көшек ауылы Жарма ауданындағы ресми тіркелген төртінші «алкогольсіз ауыл» атанып отыр. Бұл — өңірде жүргізіліп жатқан түсіндіру және алдын алу жұмыстарының нақты нәтижесі.
Айта кетейік, «Алкогольсіз ауыл» бастамасын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қолдайды. Жоба қоғамда салауатты құндылықтарды орнықтыруға және ел бірлігін нығайтуға бағытталған.
Фото: жасанды интеллект арқылы
По сообщению сайта Arna Press