2026 жылғы 19–25 қаңтар аралығында Стамбул қаласында 18 жасқа дейінгі қыздар арасындағы хоккейден IIA дивизионындағы әлем чемпионаты өтеді. Бұл туралы Sportinfo.kz ақпарат агенттігі ҚХФ сілтеме жасап хабарлайды.
Жоғары дивизионға шығу жолындағы бәсекеде біздің қыздардың қарсыластары Корея, Латвия, Нидерланд, Жаңа Зеландия және Түркия құрамалары болады. Бір жыл бұрын қазақстандық хоккейшілер бірінші дивизионға көтерілген Ұлыбритания құрамасына ғана жол беріп, екінші орынды иеленген еді. Алдағы турнирде Түркия Қытайлық Тайпейдің орнын басты.
Ең қиын қарсылас жоғары топтан шығып қалған Корея құрамасы болмақ. Қазақстанның жасөспірім қыздар құрамасының жаттықтырушылар штабы алдағы әлем чемпионатына дайындық жоспарын ұсынды.
4 қаңтар күні қыздар Өскемен қаласында жиналып, сол жерде оқу-жаттығу жиындарының алғашқы кезеңін өткізеді.
14–18 қаңтар аралығында дайындықты Түркияда жалғастырып, бір жолдастық матч өткізеді, қарсылас команда кейінірек анықталады.
19 қаңтарда қазақстандық жасөспірімдер әлем чемпионатындағы жолын Жаңа Зеландия құрамасына қарсы матчпен бастайды.
TELEGRAM
По сообщению сайта SportInfo