Абай облысында құрылыс саласында ауқымды жұмыстар атқарылып, мемлекеттік бағдарламалар аясында көптеген жобалар жүзеге асырылуда, — деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі облыстық құрылыс басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құрылысқа бөлінген жалпы қаржы көлемі 291 млрд теңгені құрады. Жоспарланған барлық жобалар белгіленген мерзімде жүзеге асырылып жатыр.
Білім беру саласында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында балабақша мен балалар лагері салынуда. Ал Семей қаласында Оқушылар сарайының және мектептерге қосымша ғимараттардың құрылысы жүргізілуде, — деп атап өтті басқарма басшысы.
Тұрғын үй құрылысы бойынша да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Абай облысындағы 2024 жылы тұрғын үй салу жоспары 404,7 мың шаршы метрді құрайды. Бұл 3 797 пәтер.
«Бүгінде 2 700 пәтер пайдалануға берілді, оның ішінде көпқабатты және жеке тұрғын үйлер бар. Сонымен қатар, несиелік және жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту да назардан тыс қалмады. Жаңа тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік нысандарды сумен, газбен және электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасуда», — деді спикер.
Шыңғыс Риахановтың айтуынша, денсаулық сақтау саласында ауылдық амбулаториялар, медициналық пункттер мен реанимациялық бөлімшелер салынып, спорт саласында дене шынықтыру кешендері, бассейндер мен стадиондар құрылысы, мәдениет саласында ауылдық клубтар мен мәдениет үйлері, сондай-ақ балаларға арналған орталықтардың құрылысы аяқталған.
«Бүгінде басқарма тарапынан 49 жаңа нысанның жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Осы күнге дейін 102 жоба бойынша оң сараптамалық қорытынды алынды, олардың 72-сі жүзеге асырылуда, 30 жоба өз кезегін күтуде. Барлық құрылыс жоспарлары бекітілген кестеге және бөлінген қаражат көлеміне сәйкес орындалуда», — деп қорытындылады Шыңғыс Риаханов.
Сурет: Абай облысы құрылыс басқармасының баспасөз қызметі
По сообщению сайта Arna Press