Абай облысында 1200 орындық IT-мектеп-лицейінің салтанатты ашылуы өтті, — деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі облыстық әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев, облыстық мәслихат төрағасы Қуаныш Сүлейменов, қоғам қайраткерлері, ұстаздар, ата-аналар, 500-ге жуық оқушы және БАҚ өкілдері қатысты. Жаңа мектеп «Заря» шағын ауданында Абай облысы әкімдігі мен «KAZ-Minerals Demeu» корпоративтік қоры арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесінде салынды.
Мектеп заманауи білім беру шарттарына сәйкес жаңа технологиялармен жабдықталған. Үш қабатты ғимаратта физика, химия, биология, информатика, мультимедиялық сыныптар, графика және модельдеу, сондай-ақ зертханалар, телестудия, смарт-сыныптар, 3D-принтерлер мен робототехника кабинеттері орналасқан. Мектепте 280 орындық акт залы және 420 орындық асхана бар.
Мектептің кітапханасында 5000-нан астам кітап, оның ішінде қазақстандық және шетелдік танымал классиктердің шығармалары бар. Оқу кезінде тек стационарлық компьютерлер ғана емес, ноутбуктер де қолданылады. Спорттық инфрақұрылым жоғары стандарттарға сәйкес келеді. Екі спорт залы, футбол, волейбол, баскетбол алаңдары және work-out аймағы балаларға спортпен белсенді айналысуға мүмкіндік береді.
Мектепте бастауыш, орта және жоғары сынып оқушылары үшін үш бөлек кіреберіс бар. Қауіпсіздік үшін 200 бейнебақылау камерасы орнатылып, ғимаратқа кіру турникеттермен қадағаланады. Мектеп терроризмге қарсы қорғаныс жүйесіне енгізілген.
Мектептің негізгі бағыттарына жаратылыстану-математика пәндерін тереңдетіп оқыту, бағдарламалау, жасанды интеллект, робототехника, сондай-ақ ағылшын тілін кәсіптік дамыту жатады.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында 2025 жылға дейін 11 жаңа мектеп ашылмақ. Жақын арада IT-колледжін ашу жоспарда бар. Сондай-ақ, балаларға арналған қосымша білім беру нысандарының құрылысы да күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі. Осы мақсатта облыс орталығында көпсалалы оқушылар сарайының құрылысы басталды.
Сурет: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
По сообщению сайта Arna Press