ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ТУРАЛЫ

Дата: 31 июля 2024 в 18:38

Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы шараларын қолдану кезінде туындайтын қатынастарды реттеу осы тарауда белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының құқық бұзушылық профилактикасы туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шаралары тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамның құқықтық санасына және мінез-құлқына жүйелі түрде мақсатты ықпал ету үшін, оның тарапынан жаңа құқық бұзушылықтар жасалуының алдын алу және жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолданылады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шаралары:
1) профилактикалық әңгімелесу;
2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасау не қорғау нұсқамасын шығару үшін тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамды ішкі істер органдарына жеткізу;
3) қорғау нұсқамасы;
4) әкімшілік ұстау;
5) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары;
6) құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу;
7) әкімшілік жаза қолдану;
8) ата-ана құқығынан айыру не оны шектеу, бала (ұл, қыз) асырап алудың күшін жою, қорғаншыларды және қамқоршыларды өз міндеттерін орындауынан босату және одан шеттету, баланы патронаттық тәрбиешінің тәрбиесіне беру туралы шартты мерзімінен бұрын бұзу;
9) іс жүргізудің мәжбүрлеу шаралары және қылмыстық процесте жәбірленушілердің қауіпсіздік шаралары;
10) сот үкімі бойынша қолданылатын шаралар болып табылады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шаралары өзіне қатысты қолданылатын адамның жеке ерекшеліктері, ол жасаған құқық бұзушылықтардың қоғамға қауіптілігінің сипаты мен дәрежесі ескеріле отырып айқындалады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық қатері немесе фактілері анықталған кезде уәкілетті мемлекеттік органдар мен көмек көрсету жөніндегі ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде құқық бұзушылықтардың жеке профилактикасы шараларын қабылдайды.
Мүдделі адамдар жеке профилактика шараларын қолдану туралы шешімге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауы мүмкін.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану үшін мынадай мән-жайлардың бірі:
1) жеке және заңды тұлғалардың өтініштері немесе хабарламаларының келіп түсуі;
2) ішкі істер органы қызметкерінің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жасалу не оны жасауға әрекет ету фактісін тікелей анықтауы;
3) мемлекеттік органдардан және жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан келіп түскен материалдар;
4) бұқаралық ақпарат құралдарындағы, сондай-ақ онлайн-платформалардағы зорлық-зомбылық фактілері туралы хабарламалар негіз болып табылады.
2. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жасалғаны туралы немесе оның жасалу қаупі туралы өтініштер мен хабарламаларды мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қарайды.
Профилактикалық әңгімелесу
1. Профилактикалық әңгімелесудің негізгі міндеттері тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаудың себептері мен жағдайларын анықтау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әлеуметтік және құқықтық салдарларын түсіндіру және заңға мойынсынушылық мінез-құқықтың қажеттігіне сендіру болып табылады.
2. Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының субъектісі тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адаммен немесе өзіне қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану үшін негіздер бар адаммен профилактикалық әңгімелесуді жүргізеді.
3. Профилактикалық әңгімелесу тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы субъектілерінің қызметтік үй-жайларында, сондай-ақ тұрғылықты жері, оқу, жұмыс орны бойынша не тікелей тұрмыстық зорлық-зомбылық жасалған жерде өткізіледі және ол бір сағаттан аспауға тиіс.
4. Профилактикалық әңгімелесу жүргізілетін адамға құқыққа қарсы іс-әрекеттерді тоқтату қажеттігі туралы ескертіледі.
5. Кәмелетке толмаған адаммен профилактикалық әңгімелесу оның ата-анасының, педагогтарының немесе басқа да заңды өкілдерінің қатысуымен жүргізіледі.
Қорғау нұсқамасы
1. Жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген тәртіппен әкімшілік ұстап алуды не Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабында көзделген тәртіппен ұстап алуды жүргізу үшін негіздер болмаған кезде аумақтық полиция органының, ішкі істер органы жергілікті полиция қызметінің бастықтары, олардың орынбасарлары, учаскелік полиция инспекторлары, кәмелетке толмағандардың істері және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар жәбірленушінің пікірін ескере отырып, қорғау нұсқамасын шығарады, ол тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған не оны жасау қаупін төндіретін адамға орындау үшін қолхатпен беріледі. Қол қоюдан бас тартылған жағдайда, қорғау нұсқамасында бұл туралы жазба жасалады.
Жәбірленушіге оның құқықтары, сондай-ақ өзіне қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған адам оны бұзған жағдайда құқықтық салдарлары түсіндіріле отырып, қорғау нұсқамасы шығарылған күні оның көшірмесі қолхатпен берілуге тиіс.
Қорғау нұсқамасының көшірмесі өзіне қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған адамға табыс етілген кезінен бастап жиырма төрт сағат ішінде прокурорға жіберіледі.
2. Қорғау нұсқамасы ол шығарылған кезде он алты жасқа толған, есі дұрыс адамға қатысты шығарылады.
3. Қорғау нұсқамасында тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға, жәбірленушінің отбасының кәмелетке толмаған және (немесе) әрекетке қабілетсіз мүшелерін қоса алғанда, оның еркіне қарамастан оны іздестіруге, оның ізіне түсуге, оған баруға, онымен ауызша, телефон арқылы сөйлесуге және өзге де тәсілдермен байланыс жасауға тыйым салынады.
4. Қорғау нұсқамасында: оның шығарылған уақыты мен орны, кімнің шығарғаны және кімге қатысты шығарылғаны, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жасалған орны, уақыты және мән-жайлары немесе жасалу қаупі, жәбірленушімен қатынастарда белгіленген шектеулер, құқыққа қарсы іс-әрекеттер жалғастырылған және қорғау нұсқамасы бұзылған жағдайлардағы құқықтық салдарлары көрсетіледі.
5. Қорғау нұсқамасының қолданылу мерзімі ол өзіне қатысты шығарылған адамға берілген кезден бастап отыз тәулікті құрайды. Тексеру мерзімділігі күнтізбелік жеті күнде кемінде бір ретті құрайды.
5. Қорғау нұсқамасын бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
6. Өзіне қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған адамды ішкі істер органдары профилактикалық есепке қояды және оған профилактикалық бақылау жасауды жүзеге асырады.
Әкімшілік ұстау
1. Әкімшілік құқық бұзушылық құрамы бар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу мақсатында және жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қорғау нұсқамасын шығару жеткіліксіз деп ұйғаруға негіздер болған жағдайда ішкі істер органдарының лауазымды адамы тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамды арнаулы орында мәжбүрлеп ұстай отырып, іс-әрекет және жүріп-тұру бостандығынан уақытша айыруды көздейтін әкімшілік ұстауды жүргізеді.
2. Әкімшілік ұстаудың тәртібі, мерзімдері, әкімшілік ұстауға ұшыраған адамдардың құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде айқындалады.
Құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу
1. Жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сот тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеуі мүмкін.
2. Құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу әкімшілік-құқықтық ықпал ету шарасы болып табылады және ол әкімшілік жаза қолданумен қатар және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адам әкімшілік жауаптылықтан босатылған кезде оның орнына да қолданылады.
3. Мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген адамға:
1) жәбірленушінің отбасының кәмелетке толмаған және (немесе) әрекетке қабілетсіз мүшелерін қоса алғанда, оның еркіне қарамастан, оны іздестіруге, оның ізіне түсуге, оған баруға, онымен ауызша, телефон арқылы сөйлесуге және өзге де тәсілдермен байланыс жасауға;
2) атыс қаруын және басқа да қару түрлерін сатып алуға, сақтауға, алып жүруге және пайдалануға;
3) психикаға белсенді әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтынуға тыйым салынуы мүмкін.
Жәбірленуші мен оның отбасы мүшелерін күзету және қорғау үшін сот ерекше жағдайларда тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамға осы адамның басқа да тұрғын жайы болған жағдайда, жәбірленушімен бірге жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғын жайда тұруға тыйым салу түрінде әкімшілік-құқықтық ықпал ету шарасын да қолдануға құқылы.
4. Құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптардың қолданылу мерзімі ішінде оған профилактикалық әңгімелесу үшін айына бір реттен төрт ретке дейін ішкі істер органдарына келу міндеті жүктелуі мүмкін.
5. Құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу тәртібі, оның қолданылу мерзімдері, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жүргізуге қатысушылардың құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде айқындалады.
6. Ішкі істер органдары мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген адамды профилактикалық есепке қояды және оған профилактикалық бақылау жасауды жүзеге асырады.
Қылмыстық процесте іс жүргізудің мәжбүрлеу шаралары және қауіпсіздік шаралары
1. Қылмыстық құқық бұзушылық құрамы бар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және жәбірленушінің, куәнің және қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысатын басқа да адамдардың, олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын және қылмыстық процесті жүргізетін органдар процестік мәжбүрлеу шараларын және процестік қауіпсіздік шараларын қолданады.
2. Іс жүргізудің мәжбүрлеу шараларын және қауіпсіздіктің іс жүргізу шараларын қолдануға негіздер, оларды қолдану тәртібі, қылмыстық процеске қатысушы адамдардың құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексінде айқындалады.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы» Заң қауіпсіз қоғам құру жолындағы маңызды қадам болып табылады.
2024 жылғы 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды. Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді. Осылайша, бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылық ретінде сараланып келсе, енді осы тектес қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Жазаларға    80-нен 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу жатады.
Жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін — 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін — 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
Педофилді өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру,  кәмелетке толмаған 16 жасқа толмаған балаларды жыныстық қудалау үшін 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған. Кәмелетке толмағанды заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін — 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал кәмелетке толмаған баланы ұрлау — 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру шарасы қолданылады.
Тараз қаласы №2 сотының судьясы Б. Төребекұлы

По сообщению сайта Магнолия