Қытайлық компания Семейде жұмыс істеуге мүдделі

Дата: 19 июня 2024 в 16:38

Аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев қытайлық «Luyi Country Hongyao Furniture Co.Ltd» компаниясы өкілдерімен кездесті. Аталған компания әлемге жиһаз жасаумен танымал, деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі облыстық әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімдігі былтырғы орман өртінің зардаптарын жою мақсатында инвесторларды тартудың жол картасын әзірледі. Жол картасы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінде бекітілген.

«Luyi Country Hongyao Furniture Co.Ltd» компаниясының төрағасы Лу Юнцюань кездесу барысында компанияның мүмкіншілігі жайлы баяндап, Абай облысында жұмыс істеуге мүдделі екенін жеткізді.

«Біз Қытайда ағаш тақтайшалар, корпустық және жұмсақ жиһаз өндірісімен айналысамыз. Өнімдеріміз Еуропа, Солтүстік Америка және Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортталады. Ендігі мақсатымыз «Универсал СМ» ЖШС-мен бірлесіп Семейде ағаш өңдеу кешенін құруды және ішкі нарық үшін ағаш тақтайшалар, корпустық және жұмсақ жиһаздарды өндіру. Оларды Орта Азия мен Қытай елдеріне саудалау», -деді компания төрағасы Лу Юнцюань.



Қазіргі уақытта «Универсал СМ» ЖШС инвестициялық жоба шеңберінде Семей қаласының индустриялық аймағында ЛДСП, МДФ материалдары мен жиһаз өндірумен айналысатын ағаш өңдеу комбинатының құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Комбинат өз өнімдерін көршілес елдерге экспорттамақ.

«Біз облысымызға инвестиция құйғысы келетін инвесторлар үшін әрдайым ашықпыз. Заң шеңберінде қолдау білдіруге де әзірміз. Бизнестегі әріптестік екі ел арасын жақындастырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, кәсіптегі бәсекелестікті арттыруға ықпал етеді. Өңірімізде құрылыс белсенді жүргізіліп жатыр. Осыған сәйкес ағаш өнімдеріне сұраныс артады деп ойлаймын», -деді облыс әкімі.



Кездесу барысында қытайлық тарап өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Аймақ басшысы орынбасарлары мен басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.

Сурет: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

По сообщению сайта Arna Press