Теңге неге байланысты нығайып отыр? Экономикаға қандай әсер береді? Су тасқынынан келген шығынға бюджеттен қанша қаржы кетеді? Massaget.kz тілшісі экономистерден сұрап білді.
«Ұлттық банк теңгенің бағамын тұрақты ұстап тұру мәселесін алға қойған. Бұл біздің инвестициялық және экономикалық бағытта тұрақты дамуыңызға әсер етеді. Ел экономикасы тұрақты болған кезде ғана инвестиция көзі көптеп келеді. Соңғы кезде қызық үрдіс болып жатыр. Елімізде 1 доллар 455-465 теңге болу керек деген болжам шыққан еді, алайда бір доллардың бағасы 442 теңгеге дейін түсіп кетті. Мұның себебі — су тасқыны мен елдегі апаттарға байланысты. Бүгінгі таңда апатты жағдайда экономикаға көбірек инвестиция салу үшін Ұлттық қордан көп валютаны алып, биржаға тастап жатырмыз», — деді Жобаев.
Сарапшының сөзінше, бұл үрдіс экономикаға ауқымды экспорт жасаған сияқты әсер беруде, алайда қаржы көзінің көбі ұлттық қордан алынып жатыр.
«Әр айда Ұлттық қордан 1-1,5 миллиард ақша аударылады. Яғни бұл қаражат елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды түзеуге және су тасқынының салдарын жоюға кетіп жатыр . Екіншіден, ауқымды экспорт жасайтын компанияларға (еск — мұнай, металл, мыс өндіретін компаниялар) шетелдегі валютаны мемлекетің биржасына сатуға міндетті. Еліміздегі биржада долларға ұсыныс көп. Қазір салым түсіп жатыр, сол себепті доллар 443 теңгеге дейін түсіп кетті. Теңгенің қуаттанғаны жақсы емес, себебі мұның салдарынан бюджетке түсетін ақша азаяды. Меніңше, күзге қарай бір доллар 455-465 теңге болса, бұл экономикамызды тұрақты жағдайға алып келеді», — дейді сарапшы.
Жобаев Ұлттық қорға тиіспеуіміз керегін айтады. Оның орнына елдің экспортын арттырып, көлемін кеңейтуіміз қажет.
«Толассыз келіп жатқан керексіз импорттарды азайтуға тиіспіз. Әлемдік үрдіспен жүрсек, Қазақстанның теңгесі әр жылда 5-10 пайызға төмендеп тұрған. Яғни биыл доллар 465 теңге болса, келесі жылы 470 теңге дегендей. Өз кезегінде бұл ірі экспорттаушыларды қызықтырады. Олар көбірек табыс түсіреді және бюджетімізді де толықтырады», — деді ол.
Ұлттық теңге бағамына болжам жасамайды
Банк баспасөз қызметінің сөзінше, баға нарықта қалыптасады.
«Ұлттық банк валюта саясатындағы ұстанымы еркін бағам құру қағидаты болып қала береді. Теңге бағамы негізгі факторлардың әсерінен қалыптасады, ал оның ауытқу амплитудасы нарыққа қатысушылардың күтуі мен әлемдік нарықтардағы динамикаға байланысты болады. Биржадағы көлемді көптеген қатысушы, соның ішінде екінші деңгейлі банктер сатып алады және сатады», — деп жауап берді Ұлттық банк Massaget.kz тілшісінеберген жауабында.
Экономист Расул Рысманбетов су тасқынынан келген шығын Ұлттық қорға салмақ түсірмейтінін айтады.
«Жалпы, еліміздің Ұлттық қорында ондаған миллиард долларлар бар. Қазіргі таңда су тасқынынан келген шығын көлемі 600-700 миллиард теңгеге шамасында деп бағаланып отыр. Қарап отырсақ, бұл 2 миллиард доллардан әлдеқайда төмен сомма. Қордағы қаржы бәріне жетеді. Шығынның бір бөлігі бюджеттен, тағы бір бөлігі үкімет резервінен өтеледі деп ойлаймын. Сондықтан бұл жерде айтарлықтай сұрақ жоқ», — деді Рысманбетов.
Экономист әлі кейбір аймақтарда су тасқыны шарықтау шегіне жетпегендік шығын есептелмей отырғанын айтты.
«Мамыр айының аяғында бүкіл шығын алдын ала белгілі болады. Ол шығын триллион теңгеден төмен болады деп ойлаймын. Әр кетсе 3 миллиард долларға шығынға батуымыз мүмкін. Әрине, Ұлттық қор үшін бұл қомақты ақша, дегенмен еңсереді. Бірақ қордан бөлек әртүрлі қаржы көзі бар екенін ұмытпауымыз керек, одан да жеңілдеу шешілуі мүмкін», — деді Рысманбетов.
Сурет: Massaget.kz
По сообщению сайта Arna Press