2. Жекеше айыптауды қозғауға жәбірленушінің: 18 жасқа толған жеке тұлғаның, заңды тұлғаның, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі -ҚПК) 71, 76-баптарында көрсетілген жәбірленушінің заңды өкілдерінің және өкілдерінің шағымы себеп болады.
ҚПК-нің 32-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, егер әрекет дәрменсiз немесе басқаға тәуелді жағдайдағы не басқа да себептер бойынша өзiне тиесiлi құқықтарды өз бетінше пайдалануға қабiлетсiз тұлғалардың мүдделерiн қозғайтын болса, прокурор жекеше айыптау iсi бойынша жәбiрленушiнiң шағымы болмаған кезде де iс қозғауы мүмкін.
Қылмыстық ізге түсуден артықшылықтары мен иммунитеттері бар тұлғаларға қатысты ҚПК-нің 57-тарауында белгіленген іс жүргізу ерекшеліктері жекеше айыптау бойынша іс жүргізу кезінде де қолданылатынын соттар есте сақтауы керек.
Қылмыстық ізге түсуден артықшылықтары мен иммунитеттері бар тұлғаларға қатысты жекеше айыптау тек прокурормен заңда белгіленген тәртіпте және негіздерде қозғалады.
Шағымда көрсетілген әрекеттерде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының немесе оқиғасының болмауына байланысты, соның ішінде жасалған әрекет маңызды емес, дәлелдемелер жоқ, шағымға бұрынғы соттылығы, айыпталушының психикалық жағдайы туралы және басқа да мәліметтер тіркелмегенін негізге алып соттар шағымды іс жүргізуіне қабылдамауға құқылы емес.
Шағымды берген тұлға шағымды тиісті іс жүргізу нысанына келтіру жөніндегі соттың нұсқауын орындамаса, шағым тиісті емес тұлғамен берілсе және сол сияқты басқа да реттерде жәбірленушінің шағымын іс жүргізуге қабылдаудан бас тарту жүзеге асырылады. Жәбірленушінің шағымын іс жүргізуге қабылдаудан бас тарту соттың уәжделінген қаулысымен ресімделеді.
Жәбірленушінің шағымы жекеше айыптауды қозғайтын, тұлғаны қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы процессуалдық құжат болып табылады және осы сот талқылауының шегін анықтайды. Мұндай жағдайда сот қылмыстық істі қозғау туралы қаулы шығармайды. Судья шағымды қабылдау кезінде ҚПК-нің 409-бабының бірінші бөлігін басшылыққа алып және оның дұрыс шешілуін қамтамасыз ететін барлық мәліметтердің бар екендігін, атап айтқанда: қашан, кіммен, қай жерде құқыққа қарсы әрекет жасалғандығы, оның нақты қандай түрде болғандығы және шағым келтірілген тұлғаны қылмыстық жауапқа тарту туралы жәбірленушінің өтініші немен дәлелденетіні көрсетілгендігіне көз жеткізуі тиіс.
Жәбірленушінің ауызша не жасырын түрде берілген шағымы іс жүргізуге қабылданбайды.
Жекеше айыптау істері жөніндегі іс жүргізудің бір ерекшелігі, жәбірленушінің шағым келтірілген тұлғамен бітімге келуі болып табылады. Тараптарды бітімге келтіру құқық бұзушылықтардың және қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді, сондықтан соттар осы мақсатқа жету үшін шаралар қолдану тиіс және шағымды қабылдау кезінде судья жәбірленушіге жауапқа тартуды сұраған тұлғамен оның бітімге келу құқығын түсіндіруге міндетті. Сондай-ақ судья арызданушыға айыптау расталмаған жағдайда оған сот шығындарын өтеу міндеті жүктелетіндігін түсіндіруі тиіс.
Егер тараптарды бітімге келтіру жүзеге асырылса, судья ҚПК-нің 412-бабы бірінші бөлігінің 2-тармағына сәйкес, істі қысқарту туралы қаулы шығарады. Бітімге келтіруге қол жетпеген жағдайда, судья істі ҚПК-нің 322-бабының талаптары бойынша сот мәжілісінде қарауға тағайындайды. Істі тыңдауға тағайындағанға дейін тараптарды бітімге келтіруге шара қолданылып оған қол жетпегендігіне қарамастан, сот мәжілісінің дайындық бөлігінде ҚПК-нің 411-бабы төртінші бөлігінің талаптарына сәйкес, сот жәбірленушіге оның сотталушымен соның ішінде медиация тәртібімен бітімге келу құқығын түсіндіруге міндетті. Кез келген сатыда сот үкім шығаруға кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін бітімге келу орын алуы мүмкін.
Соттар барлық кезеңдерде, жәбірленушілерге ҚПК-нің 408-бабының тоғызыншы бөлігіне сәйкес айыптаудан бас тартып және айыпталушымен бітімге келген жағдайда, сол әрекеттерге байланысты, сол тұлғаны қайтадан қылмыстық жауапқа тарту мүмкіндігі жойылатындығын түсіндіруі тиіс.
Сотқа шағыммен жүгінген күні 18 жасқа толмаған зардап шегуші немесе өзінің әрекеттеріне жауап бере алмайтын және оны дене немесе психикалық кемшіліктерінің күшіне қарай басқара алмайтын зардап шегуші заңды өкілінің рұқсатынсыз тараптардың бітімге келуіне байланысты істі қысқартуды талап етуге құқылы емес.
Тараптарды бітімге келтіру жөніндегі судьяның әрекеттері барлық жағдайларда шағымды іс жүргізуге қабылдау және сот мәжілісін тағайындау туралы қаулыда, не бұл сот мәжілісінде орын алса хаттамада көрсетілуі тиіс.
Тараз қаласы №2 сотының судьясы А.Қорабаева
По сообщению сайта Магнолия