Қазақстандық турист әуекомпаниядан 1 млн теңге өндіріп алған

Дата: 16 февраля 2024 в 12:58 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

2-топтағы мүгедектігі бар әйел өз еркімен жүріп-тұра алмаған. Ол реабилитациядан өту үшін «Алматы-Бангкок» рейсі арқылы Таиландқа ұшқан. Дегенмен әуежайға жеткенде мүгедектер арбасын таппай қалған, — деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі Tengritravel.kz  сайтына сілтеме жасап.

Ұшаққа мінер кезде әуежай қызметкерлері оны мүгедек арбасын багажға өткізуге міндеттеген. Таиландқа қонған кезінде арбаны қайтаруға уәде еткен. Діттеген жеріне жеткен әйел арбасын таппай қалған. Салдарынан өз еркімен жүріп-тұра алмайтын турист қонақүй бөлмесінен де шыға алмаған.

«Әуекомпания мүгедек арбасын тауып беруге немесе құнын өтеп беруге тырыспаған. Салдарынан әйел әскери госпитальден басқа арба сатып алуға мәжбүр болған», — делінген Алматы қалалық сотының баспасөз хабарламасында.

Кейін мүгедек әйел әуекомпанияның үстінен сотқа арыз түсіріп, моральдық және материалдық шығынды өтеп беруін талап етті.

«Бірінші инстанциядағы сот әйелдің шағымын қанағаттандырды. Әуекомпаниядан 1 млн теңге моральдық шығын өтелді. Алайда мүгедек арбасы түріндегі материалдық шығынды өтеуден бас тартылды», — делінген сот хабарламасында.

Әуекомпания сот шешіміне кері шағым түсірді. Алайда қалалық сот істі қарастыра отырып, әуекомпания қабылданған жүкті кері тапсырғанынша оған жауапты екенін атап өтті.

Сурет: pixabay.com

По сообщению сайта Arna Press