Бүгін Шаған кентінің ауданында Ертіске үш мыңнан астам бекіре шабақтары жіберілді, деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі.
Сібір бекіресі шығыс аймақта Ертіс өзенінде, Зайсан көлінде және Қара Ертісте таралған. Бүгін Абай өңірінде осы балық түрін көбейту мақсатында Ертіске бекіре шабақтары жіберілді. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, бұл жобаға бюджеттен ешқандай қаржы жұмсалмады. Бастамаға негіз болған бекіре тұқымдас балықтарды өсірумен айналысатын кәсіпкерлік. ⠀
«Бұл Ертіс өзенінің тарихи балық қорын қалпына келтірудегі маңызды қадам. Өйткені Ертіс өзені Сібір бекіресінің бұрыннан мекендейтін жері. Жалпы, Абай облысындағы балық шаруашылығын дамыту әлеуеті бар. Облыста халықаралық және республикалық маңызы бар өзен-көлдерден бөлек, жергілікті маңызы бар су қоймалар жетерлік», деді Нұрлан Ұранхаев.
Мамандардың айтуы бойынша өзенге жіберілген бекіре шабақтары алғашқы уақытта жаңа мекендеу ортасына үйренеді. Сондықтан суға жіберілгенде бірден жағадан жүзіп кеткен жоқ.
«Балықтарды ашық су қоймасына жібермес бұрын, Ертістің түрлі аудандарын зерттедік. Шаған кенті ауданына жақын орналасқан Ертісте арнайы ойықтар бар. Бұл шабақтардың қыз мезгілінде мекендейтін орны деп айтуға болады», дейді балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры Бауыржан Әубәкіров.
Бекіре шабақтарының салмағы шамамен 50-100 грамм. Мамандар, бұл балықтың жаңа тіршілік ортасына үйренуі үшін тиісті көрсеткіш екенін айтты.
Сурет: автордікі
По сообщению сайта Arna Press