2023 жылғы 12 және 14 шілдеде Алматы қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитеті өткізген іс-шаралар нәтижесінде 2 есірткі зертханасы мен химиялық прекурсорлардың ірі қоймасы жойылды, – деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
10 келіден аса «мефедрон» синтетикалық есірткі, 15 тоннаға жуық прекурсорлар, сонымен қатар 4-5 есірткі зертханасын іске қосуға мүмкіндік беретін арнайы құралдар анықталып, тәркіленді.
Есірткі әзірлеу үстінде республикамыздың 4 азаматы ұсталып, оларға қатысты сот санкциясымен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Бұл фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
ҰҚК биылғы жыл басынан бері 24 есірткі зертханасын, 20 халықаралық және 23 аймақтық есірткі арналарын жойып, 780 келі синтетикалық есірткі мен 68 тоннадан аса прекурсорларды тәркіледі.
Есірткі және психотроптық заттар мен олардың аналогтарының заңсыз айналымына, сатылуына, сақталуына, әзірленуіне, өсірілуіне, өңделуіне және сатып алынуына қатысы бар қылмыстар заң талаптарына сай 3 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Сурет: ҚР ҰҚК баспасөз қызметі
По сообщению сайта Arna Press