Балалардың көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріс–тұрысқа байланысты дағдыларын бекіту мақсатында Абай облысында 15-31 мамыр аралығында «Назар аударыңыз — балалар!» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, — деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған іс-шара аясында жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері жалпы білім беретін мектептердің оқушылары мен олардың ата-аналары арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Полиция жол және коммуналдық қызмет өкілдерімен бірлесіп, жалпы білім беру мекемелеріне іргелес жатқан аумақтарға жаяу жүргіншілер өткелдерін жол белгілерімен, арнайы таңбалармен, қоршаулармен және жол қозғалысын реттеудің басқа да техникалық құралдарымен жабдықтау бойынша төрт мыңнан астам тексеру жүргізді, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, тұрғын аудандарда, аула аумақтарында, балалар мен спорт алаңдарының жанында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша азаматтармен кездесулер өткізілуде.
Профилактикалық іс-шараны өткізу кезеңінде жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері болып табылатын жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды анықтауға және жол бермеуге бағытталған патрульдік полиция нарядының тығыздығы артты.
Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың басынан бері еліміз бойынша 469 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 39 бала қаза тауып, 519 бала жараланды.
Сурет: ҚР ІІМ
По сообщению сайта Arna Press