Arnapress.kz тілшісі Бесқарағай ауданының пробация қызметінің қызметкерлерімен және сотталғандармен әңгімелесіп, олар жазасын қалай өтеп жатқандығы туралы біліп қайтты.
— Қылмыс жасалғаннан кейін түзету жолына түсуге мүмкіндік беретін мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы бар. Яғни, адам бостандықта қалады, бірақ пробация қызметкерлерінің күнделікті бақылауында болып, сот үкімі орындалады. Мысалы, қазір сотталғандардың бірі қоғамдық жұмыстарда күн сайын 4 сағаттан жұмыс істейді. Яғни, ол коммуналдық қызметкерлерімен бірлесіп қоғамдық орындарды тазалаумен айналысады, дейді Бесқарағай ауданының пробация қызметінің бастығы Әсем Әскербек.
Жаза әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сондай-ақ сотталған адамды түзету және жаңа қылмыстардың алдын алу мақсатында қолданылады. Әсем Әскербектің айтуы бойынша түрлі адамдар кездеседі. Кейбіреуі жазасын өтегеннен кейін енді қайтып, қылмыс жолына түспейді. Арасында абайсызда қылмыс жасағандар да бар. Ал кей адамдар жазасын одан әрі түзеу мекемелеріне өтеуге кетеді.
«Мен күнде Пробация қызметіне келіп, белгіленем, одан кейін жұмыс орныма барамын. Сот маған 100 күндік қоғамдық жұмыстарды тағайындады. Қазіргі уақытта ойын алаңдарын қардан тазалап жатырмын», — дейді сотталғандардың бірі.
Сондай-ақ, шартты түрде сотталғандар жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрақты жұмыс орындарына орналаса алады. Бұл ретте, жұмыспен қамту орталығына мінездеме мен жолдама беретін пробация қызметкерлері тұрақты жұмысқа орналасуға көмектеседі.
Бақытгүл ҚАЗЕЗ
По сообщению сайта Arna Press