Семейде жаңа ет комбинаты іске қосылады

Дата: 18 января 2023 в 11:08 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Семейде жаңа ет комбинаты іске қосылады. Ол жұмысын 2025 жылы бастайды деп, хабарлайды Аrnapress.kz Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Абай облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Рүстем Ворошилов жүргізіліп жатқан жұмыстардың басым бөлігі инвестиция тартуға бағытталғанын атап өтті өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Инвестиция тартуға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде, бұрынғы ет комбинатының мәселесі пысықталып, жобаға инвестор тартылды. Қазіргі таңда «Еуразия АгроХолдинг» компаниясы жер телімін алды және кәсіпорынды 2025 жылы іске қосуды жоспарлап отыр. Жобаның құны шамамен 18 миллиард теңгені құрайды. Оны жүзеге асыру арқылы 200-ден астам жұмыс орны ашылады. Жаңа ет комбинатында мал союдан сойыс өнiмдерiнің экспортына дейінгі толық өңдеу үрдісі жүзеге асырылатын болады. Бұл ірі жоба экспорттан бөлек, ішкі нарықты етпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Семей қаласының аумағында «Өндіріс» индустриалды аймағы бар. Заңнамаға сәйкес, мұндай аймақтарда экономиканың басым секторларының өңдеуші кәсіпорындары құрылады. Аталмыш секторлар ұлттық жобалар аясында субсидиялау арқылы қаржыландырылады. Осылайша, инвесторларға жұмысымызды көрсету үшін жаңа кәсіпорындар құру міндетін алға қойып отырмыз. Мәселен, қараша айында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Орынборда өткен Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысып, меморандумдарға қол қойды. Осылайша өңірге инвесторларды тартуға қажетті қадамдар жалғасуда», − деді Рүстем Ворошилов.

Болашақта тоқтап тұрған кәсіпорындардан шағын индустриялық парктер жасау жоспарлануда. Оның аумағы жеке учаскелерге бөлінеді. Содан кейін кәсіпкерлер жер телімдерін нарық бағасынан төмен бағаға жалға алатын болады. Негізгі мақсат − отандық өнім санын арттыру.

Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

По сообщению сайта Arna Press