Семейде мешіт қызметкерлері «Тегін такси» іс-шарасын ұйымдастырды

Дата: 16 января 2023 в 17:38 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Дін қызметкерлері қытымыр қыста көшеде қоғамдық көлікті күтіп тұрған Семейліктер үшін такси қызметін тегін ұсынды, деп хабарлайды Аrnapress.kz тілшісі

Іс-шара «Жылулық сыйла» акциясы аясында өтуде. Оған тек қана дін қызметкерлері ғана емес, сондай-ақ ниет білдірген кез келген азамат қатыса алады. Жалпы, өткен демалыста 50-ге жуық арнайы белгісі бар көлік шаһар көшелерінде жүрді. Абай Құнанбайұлы мешітінің алдында жиналғандар үшін Абай облысы бойынша бас имам Асқар Мұқанов ең алдымен жол-көлік ережесін сақтауға, қарт кісілер мен балалары бар адамдарға басымдық беруге көңіл аударды.

«Қазір еліміздің көп бөлігінде күннің күрт суытуына байланысты «Зекет» қайырымдылық қоры және Қазақстан мұсылмандар діни бірлестігінің бастауымен «Тегін такси» акциясын ұйымдастырдық. Ең бастысы халыққа мейірімділік таныту», − деді ҚМДБ Абай облысы бойынша бас имамы Асқар Мұқанов.

Айта кететін жайт, «Тегін такси» шарасы өткен жылы да ұйымдастырылған. Ал бұған дейін «Жылулық сыйла» акциясы аясында мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіліп, аязда көшеде қызметін тоқтатпаған жұмысшыларға ыстық шай таратылған.

Бақытгүл ҚАЗЕЗ

Фото: Абай облысы әкімдігінің телеграмм каналы

По сообщению сайта Arna Press