Әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданына қарасты Қасым Қайсенов ауылында орнатылған шыршаның суреті қызу талқыланып жатыр. Қолданушылар оны «жыл масқарасы» деп атады, деп хабарлайды Arnapress.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұтақтары салбырап, ескірген шамдар тағылған тірі шырша Интернеттегі жергілікті жұртшылық арасында қызу талқыға түсті. Қолданушылар мұндай «сұлулыққа» қанша ақша жұмсалғанына жауап беруді талап еткен.
«Шырша бюджет есебінен емес, тегін орнатылды. Жаңа, жасандысын қоямыз. Бірден айта кетейін, бұған бюджеттен ақша қарастырылмаған. «Ұлан» қоры бар. Бәлкім, осы қор қаражаты есебінен орнататын шығармыз. Әзірге белгісіз. Бүгін шыршаны алып тастады, ертең жаңасын қоямыз», — деді Ұлан ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі өкілдері.
Ағашты бір күн бұрын осы ауылдың тұрғыны ауласынан қазып алып тастауды сұрағаны белгілі болды. Себебі ағаш күн сәулесін көлегейлеп тұрған. Әкімдік қызметкерлері мәселеге ұтымды қарап, шыршаны кеспей, оны жаңа жылға сәндеу үшін қазып, қайта отырғызуды ұйғарған. Бірақ ауыл тұрғындары ағашты ұнатпады.
ШҚО ақпарат орталығы бұл ағаш бір ғана мақсаттта – өліп қалмауы үшін орнатылғанын айтып, бұл дерекке қатысты пікір білдіруге асықты. Сонымен қатар, ақпарат орталығы Шығыс Қазақстан облысының барлық елді мекендерінде Жаңа жылға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, дәл осы Қасым Қайсенов ауылында мұз айдыны жабдықталып, қардан нысандар салынған.
Фото: Tengrinews.kz
По сообщению сайта Arna Press