Халық өнерінің жоталы бір саласы — қазақ күресінің тәрбиелік маңызы зор. Оның ұлттық намысты қоздырып, көрерменге асқан шабыт сыйлайтын құдіреті биік күрес екенін білеміз. Ал бүгінгі таңда ұлттық құндылығымыз — қазақ күресі тіршіліктен тыс қалмай, елмен бірге жасасып келеді. Төл күресті ел ішінде және халықаралық аренада дамыту жұмысымен айналысып жүрген Qazaq kuresi Ассоциациясы биыл құрамында еркін, грек-рим және əйелдер күресі сияқты олимпиадалық күрес түрлері бар беделді ұйым — Біріккен Күрес Əлемінің (UWW) құрамына кіріп, халықаралық ұйым аясында Әлем чемпионатын өткізетін деңгейге жетіп отыр.
12-14 желтоқсан аралығында Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ата-бабаларымыздан қалған асыл мұрамыз, ұлтымыздың қайрағы — қазақ күресінен Әлем чемпионаты өтті. Жыл сайын қазақ күресіне қызығушылардың саны арта түскендігі анық байқалды. Бұл жолы дүбірлі додаға 40-қа жуық мемлекеттің 350 балуаны қатысып, жарыс көрігін қыздырды.
Жарыс бағдарламасына сәйкес жасөспірімдер мен жастар, әрқайсысы 5 салмақ дәрежесінде, ал ересектер 12 салмақ дәрежесінде (ерлер — 8, әйелдер — 4) Qazaq Kuresi World Championships атағын сарапқа салды. Бұған дейін де ұлттық күрестен Әлем чемпионаттары мен Әлем кубоктары ұйымдастырылған болатын. Дегенмен, бұл — үш жас тобын (ересектер, жастар және жасөспірімдер) қамтыған тұңғыш әлемдік дода. Ол сонысымен құнды.
Ата-бабамыздан асыл мұра болып жеткен қазақ күресі — барша қазақстандықтарға ортақ құндылық әрі ұлттық бренд. Ол ұлттық жаңа болмысты қалыптастыратын, рухты әрі намысты жастарды батырлық пен қайсарлыққа, өжеттілікке баулитын тәрбие құралы. Бүгінгі таңда қазақ күресі халықаралық деңгейде өзінің жоғары бағасын алды. Оған қоса бұл шара қазақ күресінің көкжиегін кеңейтіп, шетел азаматтарын қазақ күресі әлеміне көптеп тартуға жағдай жасайды.
Қазақ күресінен өткен Әлем чемпионатына арнайы келген Біріккен күрес әлімінің (UWW) байқау комитетінің мүшелері жарыстың деңгейін жоғары бағалады. Халықаралық ұйым басшылығы күресімізді алдағы уақытта өтетін Кешенді ойындардың бағдарламасына енгізуді қарастырады.
Хош, сонымен жаһандық жарыстың салтанатты ашылу салтанатында сөз алған Біріккен күрес әлемі (UWW) Бюросының мүшесі және Дәстүрлі күрес стильдері комитетінің президенті Мария Якши Родика мен Qazaq kuresi Ассоциациясының бас директоры Ербол Мырзабосынов спортшыларды жарыстың басталуымен құттықтап, кілемде сәттілік тіледі. Содан кейін қазақ спортының ардагері Марат Жақит балуандарға ақ батасын беріп, оларды жеңіске жігерлендірді.
Осыдан кейін жарыстың тиегі ағытылды. Қатысушы мемлекеттердің басым көпшілігінде қазақ күресінен ел біріншіліктері өткізіліп, жеңіске жеткен тәжірибелі балуандар жіберілгендіктен, жарыс өте тартысты өтті. Әсіресе финалға өткен балуандар чемпионаттың көрігін қыздыра түсті. Атап айтқанда, бабын байқатқан бозкілем шеберлері бір-бірін сан соқтырып, байрақты бәсекенің көрігін қыздырды. Осылайша, жарыс жолында қарсыласының қапысын тауып, айласын асырған жеңімпаздар мен жүлдегерлер белгілі болды. Қазақстан ұлттық құрамасы ерлер арасында сегіз салмақтың бесеуінде, ал әйелдер арасында төрт салмақтың екеуінде жеңіске жетті. Өз елдерінде қазақ күресінен федерацияларды ашып, төл күресімізге қызығушылық танытып жатқан шетелдік спортшылардың бүгінде Әлем чемпионатында қазақстандық балуандарға бәсеке бола алатын деңгейге жеткені қуантарлық.
Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірлердегі сапарларының бірінде ұлттық құндылығымыз — қазақ күресін дамыту мәселесіне көңіл бөлу қажеттігін атап айтқан еді. Болашақ тағдырымызды шешетін «Әділетті Қазақстанды» құруға кіріскен президентіміздің сүйікті спортымызға қарата айтқан бұл сөзі біздің жүрегімізде үміт отын жаққаны сөзсіз. Соңғы жылдары атқарған кешенді жұмыстардың арқасында қазақ күресі бірқатар жетістіктерге жетті. Дегенмен, президентіміздің бұл қолдауынан кейін төл күресіміз қанатын кеңге жайып, дамудың жаңа белесіне көтерілері анық.
Спорттың төресі — қазақ күресін әлемге танытуда қолға алынған іс-шаралар аз емес. Замана көшіне ілесіп, жаңаша сипат ала бастағаны қуантатын ұлттық күресіміздің жарқын болашағы әлі алда екені сөзсіз.
Рекламный материалПо сообщению сайта Tengrinews