«Таза өнерді сатып жіберетіндерге таңым бар». Zhuldyz LIVE жобасында «Заман» тобы 28 июля 2022, 12:48

Дата: 28 июля 2022 в 13:03 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


«Жұлдыз» радиосындағы Zhuldyz LIVE жобасының кезекті шығарылымында «Заман» тобы қонақта болды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Zhuldyz LIVE жобасында қазақстандық танымал өнер жұлдыздары әр апта сайын жанды дауыста ән айтып, сұхбат береді. Бұл жолы «Заман» тобы бір сағат бойы жанды дауыста 6 әнін шырқап, сұхбат берді. Сондай-ақ, топ мүшесі Ерген жеке дәстүрлі ән орындады.

Әсет Қарабалин топты халыққа таныстырған ән туралы айтты.

«Алғашқы әндеріміздің бірі — «Өмір өзен». Ол әнге 10 жылдай болып қалыпты. Бізді халыққа таныстырған әндердің бірі. Ринат Зайытовтың сөзіне жазылған Ұлықпан Жолдасовтың әні. Ең алғаш «Саз әлемі» жобасында айтылды», — деді топ мүшесі Әсет Қарабалин.

Ерген Айтымбетов қазіргі әншілерге қатысты көзқарасын айтты. Сондай-ақ, Желіде қызу талқыланған Алина Шакиеваның «Ұйқым келмейді» әніне қатысты пікір білдірді.

«Іштей қанжылап қалдым. «Телеарна болсын, үлкен сахна болсын таза өнер адамы жүретін жер ғой» деп іштей сеніммен жүретін едім. Айтып жатқан адам әнші емес. Осы өнерді сатып жіберетін адамдарға кішкене таңым бар. Ақшаға бола әнші емес адамға  осындай таза өнерді, әнді сатып жіберетін, сөзін сатып жіберетін адамға, сөздің мәнін түсінбейтін адамға таңым бар. Өнерді сатқандар деп білемін. Басқа ой жоқ. Өнерді қорлау деп түсінемін», — деді ол.

Айта кетейік, өткен шығарылымда Zhuldyz LIVE жобасында «Алашұлы» тобы қонақта болған еді. 

Еске салайық, сүйікті әншілеріңіз жанды дауыста айтып, сұрақтарға жауап беретін жоба әр сәрсенбіде сағат 18.00-ден 19.00-ге дейін өтеді. 

27 шілдедегі радиоконцертті TengriTV Youtube-арнасы мен zhuldyz.fm парақшасынан көре аласыздар.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

По сообщению сайта Tengrinews