Путиннің өзі «жерге қатысты ешқашан мәселе көтермейміз» деп айтқан — Тоқаев 17 февраля 2022, 20:56

Дата: 17 февраля 2022 в 21:03 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Президент Ресей Қазақстанның қарым-қатынасына қатысты пікірін айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Тоқаев Ресей — Қазақстанға жақын орналасқан серіктес мемлекет екенін атап өтті.

«Осындай жағдайда оның бізге көмекке келуі айтпаса да түсінікті. Мұны құтқару емес, ортақ мүддемізді қорғау үшін жасалған іс-әрекет деп түсінуге болады. Бұл – бір. Екіншіден, аталған мәселеге геосаяси ахуал тұрғысынан да қарау керек. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы – бәрімізге ортақ құрылым. Ресей және Ұйымға мүше мемлекеттер Қазақстанның ғана емес, өздерінің де қауіпсіздігін ойлады. Сол үшін көмек қолын созды», — деді Президент Qazaqstan арнасына берген сұхбатында. 

Одан бөлек, Тоқаев «Мәскеу біздің жерімізге көз алартып жүр, солтүстік облыстарды тартып алады» деген пікірге қатысты ойын айтты. 

«Бірінші сұрағыңызға қатысты айтар болсам, Қазақстан мен Ресей арасында мәңгі тату көршілік туралы келісім бар. Ресей – ғасырлар бойы қатар өмір сүріп келе жатқан құдайы көршіміздің бірі. Қазақтың тағдырына осылай жазылған. Мұны біз өзгерте алмаймыз. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды нығайта беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Қазақстанның стратегиялық мүддесіне сай келеді. Екінші мәселе. Иә, расында да, кейбір ресейлік саясаткерлер тарапынан «Қазақстанның солтүстік облыстарындағы жерлер біздікі» деген сөздер айтылды. Бірден кесіп айтайын. Бұл – ақылға сыймайтын, орынсыз пікір. Ресми билік, яғни Кремль, әрине, бұл уәжді қолдамайды. Екі елдің басшылығы арасында жер мәселесіне қатысты ешқашан дау туындаған емес. Маған В.Путиннің өзі «жерге қатысты ешқашан мәселе көтермейміз» деп айтқан. Сондықтан алаңдайтын ешнәрсе жоқ. Шекарамыз толық айқындалған, бекітілген. Бұл ақиқатты бүкіл әлем мойындайды. Екі елдің арасындағы байланыстарға сызат түспеген. Ресей Президенті осындай қағидаттарға адалдығын, беріктігін көрсетті», — деді Тоқаев сұхбатта. 

По сообщению сайта Tengrinews