Қазақстанда бірнеше компанияның өндірістік қызметкерлерінің жалақысы өсті. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысында айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сәтқалиевтің айтуынша, қор әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің кешенді жоспарын әзірледі. Өндірістік қызметкерлердің жалақысын арттыру бойынша шаралар қабылданды.
«Атап айтқанда 1 қаңтардан бастап «ҚазМұнайГаз» (10 пайызға), QazaqGaz (24 пайызға), ҚТЖ (20-35 пайызға), «Самұрық-Энерго» (10-32 пайызға), «Қазатомпром» (10-20 пайызға) қызметкерлерінің жалақысы өсті. Ал 1 ақпаннан бастап «Қазпошта» (7-25 пайызға), «Эйр Астана» (14-58 пайызға), KEGOC (15 пайызға), «Қазақтелеком» (9-50 пайызға) компанияның өндірістік қызметкерлерінің жалақысы өсті», — деді ол Үкімет отырысында.
Еске салайық, бұған дейін «Самұрық-Қазына» қорының төрт еншілес компания басшылары қызметінен босатылған болатын. Одан бөлек, «Самұрық-Қазына» қорының жаңа ұйымдық құрылымы бекітілгені хабарланған болатын. Оған сәйкес, қор қызметкерлері саны екі есе қысқаратыны белгілі болды.
По сообщению сайта Tengrinews