Бейжің Олимпиадасы басталғанына бір аптаға жуықтады. Қытай журналистер мен спортшыларды жаңа технологияларымен таңғалдыра алды. Мысалы, коронавирус жұқтыру қаупін азайту үшін Олимпиада қалашығы мен медиа-орталықтарда роботтар жұмыс істеп жатыр. Tengrinews.kz тілшісі Қытайдың Бейжің Олимпиадасына дайындаған технологиялары туралы баяндайды.
Бүкіл жұмысты роботтар істейді
Қысқы Олимпиадаға келгендерді алдымен роботтар қызықтырады. Бұл роботтар атқаратын қызмет көп. Бірінші кезекте — роботтардың арқасында қонақтар мен қызметкерлер бір-біріне көп жақындамайды. Роботтар көптеген шаруаны атқарып жатыр. Мысалы, медиа-орталықта қоқыс жинап, еденді жуып жүрген роботты көруге болады.
Ал бұл робот үздіксіз еден жуып жүр.
Одан бөлек, кафелерде даяшы қызметін атқарып жүрген роботтар бар.
Олар тамақ салынған ыдысты механикалық қолымен ұстап, қонаққа береді. Тамақ дайындап, су құятын да — роботтар.
Олар күріш, лапша, бургер пісіре алады, кофе дәмдейді, коктейльдер араластырады. Тамаққа тапсырыс бергіңіз келсе, QR-кодқа скан жүргізу жеткілікті — тамағыңыз бірнеше минутта дайын болады.
Ал бұл бармен-робот.
Олимпиада қонақтары тұратын жерлерде роботтар санитарияға да жауап береді. Олар антисептик шашып, ғимаратты дезинфекциялап жүреді. Бір минут ішінде 10х10 шаршы метрді тазалап үлгереді. Роботтың қасынан маскасыз өтуіңізге де болмайды, ол бірден маска тағуыңызды талап етеді.
Маскамен жүрсеңіз де, Face ID танып қояды
Олимпиадаға келгендердің арнайы аккредитациясы бар. Спорт нысанына не медиа-орталыққа кіремін десеңіз, сол аккредитацияны көрсетсеңіз жеткілікті.
Бірақ ұйымдастырушылар одан да оңай жолын тапқан. Әр нысанға кіреберіс тұста Face ID құрылғысы тұр. Нысанға кірген бойда құрылғы сізді бірден танып қояды. Аккредитацияны басқа біреуге беріп, оны нысанға кіргізе алмайсыз. Себебі құрылғы бас киіммен, көзілдірікпен, маскамен тұрсаңыз да, бірден таниды.
Кейін суретіңіз бен деректеріңіз үлкен экран бетіне шығады.
Денсаулығыңызды қосымша бақылап отырады
Олимпиада қонақтары күн сайын өз жағдайын арнайы қосымшада көрсетіп отыруға міндетті. Бұл қосымша MY2022 деп аталады. Бұл қосымшаны спортшылар, бапкерлер, делегацияның басқа да мүшелері мен журналистердің смартфонынан табуға болады.
Қосымшада сіздің барлық дерегіңіз сақтаулы тұрады. ПТР-тест нәтижелері, вакцинация паспорты секілді. Күн сайын дене температурасын жазып, қандай да бір симптом бар-жоғын көрсетіп отыруыңыз керек.
©Beijing 2022
Олимпиада қонақтары мен қатысушылары күн сайын ПТР тест тапсырып отырады. Егер сынақ теріс нәтиже көрсетсе, кез келген нысанға жол ашық. Ал егер сынақ оң нәтиже көрсетсе, қосымша арқылы кімдермен байланыста болғаныңызды анықтай алады.
MY2022 тек денсаулығыңызды бақылайтын қосымша емес. Онда Олимпиада ойындарының кестесін қарауға, жаңалықтар оқуға, спорт нысандары туралы мәлімет алуға, хабарлама алмасуға болады.
Қытайдағы ең жылдам пойыз
Қысқы Олимпиада тек Бейжіңде емес, Яньцин мен Чжанцзякоу елді мекендерінде де өтіп жатқанымен, көлік қатынасы мәселе емес. Қытайлықтар Олимпиада қонақтарына ыңғайлы болу үшін жаңа теміржол салған. Бұл теміржолда Қытайдағы ең жылдам пойыз жүреді. Fuxing пойызы Олимпиада ойындары үшін арнайы жасалған.
Бұл пойыз экологиялық таза материалдардан жасалған, 30 жылдан кейін, яғни оның қызмет көрсету уақыты біткен соң материалдардың 50 пайызын қайта өңдеуге болады.
Пойыз сегіз вагоннан тұрады. Журналистер жолда ноутбукпен жұмыс істей алуы үшін үстелдер мен розетка да қарастырылған. Пойызда Wi-Fi бар.
Жүйрік пойыз сағатына 350 жылдамдықпен жүреді. Пойыз максимал жылдамдықпен жүрген кезде вагондағы экрандардан бұл туралы хабарлама шығады. Бірақ вагон ішінде пойыз жылдамдығы қатты білінбейді.
Бейжің мен Чжанцзякоу арасы 180 шақырым. Пойыз бұл қашықтықты 47-48 минутта жүріп өтеді.
«Ақылды» керуеттер
Олимпиадаға қатысушылар «ақылды» керуетте ұйықтайды. Матрастар мен жастықтар да арнайы технологиямен жасалған. Керуетке тіркелген құралдар спортшының тыныс алуы мен жүрек соғысын бақылап отырады. Бапкерлерге спортшының өмірлік маңызды көрсеткіштерін хабарлап отыра да алады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоғары технологиялық төсектер спортшыға күйзеліске түспей, дұрыс ұйықтауына мүмкіндік береді. Керуеттің бас жағын 15, аяқ жағын 35 градусқа көтеруге болады.
Медиа-орталықтарда жұмыс істейтін журналистер де осындай керуетте демала алады. Ұйықтауға арналған бөлме бар, оны қытайлық Keeson Technology Corp компаниясы әзірлеген.
Журналист қашықтан басқару пульті арқылы керуетті өз ыңғайына келтіріп алады. Бұл кереует адамға массаж жасап та береді.
По сообщению сайта Tengrinews