Бүгін Бас прокуратура және ІІМ өкілдері қаңтардағы тәртіпсіздіктерге байланысты мәлімдеме жасады. Tengrinews.kz тілшісі басты мәлімдемелерге шолу жасады.
«Дикий Арманның» тобы 24 адамды ұрлап кетіп, мәжбүрлеп ұстаған
Бұл туралы Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров мәлімдеді. Арнайы прокурорлар қызметі басшысының айтуынша, бүгінде ұйымдасқан қылмыстық топтың 18 мүшесі ұсталды, 21 адамның адам өлтіру, ұрлық, тонау бойынша соттылығы бар.
«Олардың арасында «Дикий Арман» деген лақап атпен танымал Арман Жұмагелдиев пен оның тобының мүшелері бар. Мен бұл айыпталушыға жеке тоқталамын. Оның қарулы адамдары кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдардың арасынан 24 бейбіт тұрғынды ұрлап, күштеп ұстады. Оларды алдымен бір жерден екінші жерге апарып, ұрып-соғып, нәтижесінде бір адам қаза тапты. Сонымен қатар, қарақшылар бұған дейін 12-ші қалалық ауруханада қатты соққыға жығылған полицейдің қызметтік қаруын алып кеткен», — деді Ризабек Ожаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, бұл дерек бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.
«Әлеуметтік желілерде Жұмагелдиев босатылды немесе белгісіз жаққа жеткізілді деген түрлі болжамдар мен жалған ақпараттар таралып жатыр. Іс қосымша тергеу үшін арнайы прокурорларға жіберілді. Біз оны ҰҚК уақытша ұстау изоляторына ауыстырдық. Ол сонда қамауда отыр», — деп қосты Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы.
Бас прокуратура тәртіпсіздіктерге қатысты: тергеу изоляторында кездейсоқ адамдар жоқ
Ожаровтың өзінше, жаппай тәртіпсіздік пен лаңкестік әрекеттерді ұйымдастырды және оларға қатысты деген күдікпен 467 адам қамауға алынды.
«Біз олардың жеке басын, отбасылық жағдайын, жасын, денсаулық жағдайын, істеген ісіне көзқарасын және басқа да деректерді мұқият зерттейміз.
Осы факторларды талдай отырып, арнайы прокурорлар 76 күдіктіні тергеу изоляторынан босатты. Олар ешқайда кетпеу туралы жазбаша міндеттемемен үйқамаққа жеке кепілдікпен ауыстырылды», — деді Ожаров Орталық бақылау комиссиясының брифингінде.
Ризабек Ожаровтың айтуынша, олардың арасында екі әйел мен тоғыз кәмелетке толмаған бала болған.
«Біз тергеу изоляторларында кездейсоқ тұлғалардың жоқтығын мәлімдейміз. Тек ауыр және аса ауыр қылмысқа қатысы барлар ғана қамауға алынады», — деді Ожаров.
Тыйым салынған экстремистік ағымдардың 35 мүшесі тұтқындалды
Бүгінде қамауға алынғандар арасында тыйым салынған экстремистік ағымдардың 35 мүшесі бар. Мысалы, Алматыда деструктивті діни ағымның қылмыстық бағыттағы бір топ мүшесі ұсталған.
«Ұстау кезінде қолдануға дайын атыс қаруы табылды. Олар өз әрекеттерін жақсылап жоспарлаған. Бір бөлігі қаланың төменгі бөлігіндегі баррикадаларда, ал екіншісі алаңда болған», — деді Ожаров ОКҚ брифингінде.
Алматы және Жамбыл облысы полиция департаменттерінің қызметкерлері қару-жарақ пен ғимараттарды қарсылықсыз тастап кеткен
«Өкінішке қарай, мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздік мүдделеріне қайшы, қару-жарақ пен оқ-дәрілер орналасқан Алматы және Жамбыл облыстарының полиция департаменттерінің ғимараттарынан қызметкерлер қарсылық көрсетпей шығып кеткен деректер де болды», — деді Ризабек Ожаров.
Оның айтуынша, бүлікшілердің қолына бір жарым мыңнан астам қару түскен. Олардың ішінде гранатомет, пулемет, тапанша, граната бар.
«Ал бұл аңшылық дүкендерінен ұрланған қаруларды есептемегенде», — деді Арнайы прокуратураның басшысы.
«ҰҚКД лауазымды тұлғалары еш әрекет етпеді»
Алматы, Алматы және Қызылорда облыстары ҰҚКД лауазымды тұлғалары еш әрекет етпеген. Құқық қорғау органдарының кейбір басшылары құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге арналған арнайы бөлімшелердің іс-әрекеттерін әдейі бұғаттады деген нұсқаны қарастырылып жатыр.
Бұл деректер бойынша арнайы прокурорлар сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
«Сонымен қатар, ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау және билікті күшпен басып алу әрекеті туралы қылмыстық істерді тергеп жатыр. Бүгінде ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы мен оның екі орынбасары қамауға алынды. Билікті асыра пайдаланды деген күдікпен ҰҚК «А» арнайы мақсаттағы қызметі директорының бірінші орынбасары және осы қызмет орталығының бастығы ұсталды.
Қылмыстық іске «өте құпия» белгісі берілген, сондықтан ұлттық қауіпсіздік мүддесінде тергеудің мән-жайын ашуға болмайды», — деп толықтырды арнайы прокурорлар қызметінің бастығы.
ІІМ қоғамдық сананы манипуляциялау туралы мәлімдеді
Қазақстандағы тәртіпсіздіктерден кейін мақсатты ақпараттық науқан қоғамдық сананы манипуляциялауды бастады. Бұл туралы ІІМ Тергеу басқармасының бастығы Санжар Әділов мәлімдеді.
Әділов қазір ақпараттық кеңістікте қаңтардағы оқиғаларды әдейі бұрмалау байқалатынын айтты.
«Митингілердің бейбіт сипаты мен құқық қорғау органдарының заңсыз әрекеттері жарияланып жатыр. Мұның бәрі билік қабылдаған шешімдердің беделін түсіру, ең бастысы тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен қатысушылар жауапкершіліктен қасақана жалтаруы үшін жасалып отыр. Қазақстандықтар бұл қоғамдық сананы манипуляциялауға бағытталған мақсатты ақпараттық науқан екенін түсінуі керек», — деді Санжар Әділов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сөзін қорытындылай келе, Тергеу департаментінің басшысы азаматтарға тек ресми, тексерілген ақпарат көздеріне сенуді сұрап, көрінеу жалған ақпарат таратуға болмайтынын ескертті.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
По сообщению сайта Tengrinews