Алматыда 8 қаңтарда Карьерная көшесінде екі адам ұсталды. Олардың бірі сол жердегі жекеменшік үйлердің біріне басып кірген. Ал екіншісін әскерилер айламен құрықтаған. Қысымға тап болған үй иесі Алуа (тегін атамауды сұрады — авт.) Tengrinews.kz тілшісіне болған оқиғаны баяндап берді.
8 қаңтар, түс уақыты. Қаладағы тәртіпсіздіктер саябырсып қалған сияқты еді. Алайда дүкенге шығып кеткен Алуаның анасы үйіне оралғанда есік алдында бір күдікті ер адам тұрады. Алуаның сөзінше, ол тәртіпсіздіктерге қатысқан лаңкес болып шыққан. Сол уақытта үйде 5 адам болған, Алуа екі баласымен, анасы және әжесі.
«Бізде қоршау жоқ, содан болар үйге кіргіз деп күш қолданды, досына қоңырау шалу үшін телефон сұрады. Анам қорыққаннан үйге кіргізді. Көршілерден көмек сұрап, айғайлаудың мәні болмады, себебі бәрі өз үйінде, жаңағы ер адам да қарулы болуы мүмкін еді. Әжем оған телефонын берді. Біз байбалам салмай, жағдайды жұмсартуға тырыстық та, оған шай, тамақ ұсынып, жылынып ал дедік. Себебі үйде 2 және 5 жасар балам болды», — дейді Алуа.
Келіншектің сөзінше, осыдан кейін ер адамның агрессиясы лезде басылып, сыпайы түрде келісіп, үстелге отырған.
«Мен балалар отырған бөлменің есігін жауып, өзі келгенше шықпауын сұрадым. Ас үйге тез жүгіріп келдім. Ол бәрінің әрекетін қадағалап отырғандықтан, көз алдынан кетпеуге тырыстым», — дейді ол.
Алуаның сөзінше, ер адам телефонмен біртүрлі сөйлескен, құпия сөз, шифрлер қолданған.
«Мен оны сұрақтармен назарын аударып отырдым, қайда туған, немен айналысады, мұнда қалай тап болғанын сұрадым. Жауаптары бір-бірімен мүлде байланыспайды, мысалы: біресе Қостанайдан, біресе Павлодарданмын дейді, кейін Өзбекстанда дүниеге келгені, өзбек екені анықталды, кейін қазақпын деді, Павлодарда мектеп-интернатта тұратынын, Алматыға жұмысқа келгенін айтты. Сосын «Қай жылғысың?» дедім, ол 2001 деп жауап берді. 20 жастағы жігіт мектепте не істеп жүр? Содан оның бәрін өтірік құрастырып отырғанын түсіндік. Әжем де оны «тамақ же, суып қалады» деп менің сұрақтарымнан алаңдататып отырды», — дейді Алуа.
Осы уақытта ер адам анасының көшеге шығып кеткенін байқамай қалады.
«Біздің үйде екі шығатын есік бар, біреуі жолға, екіншісі аулаға қарайды. Анам жоғары қақпаға барып, көмекке сарбаздарды шақырмақ болғанда ешкім жүрмеді, кейін түсіп бара жатқанда, 8 сарбаз көршімізбен бірге ауладан біздің үйге кіріп бара жатыр екен. Сөйтсек, көршімізде сыртқы бақылау камерасы орнатылған екен, ол кісі ер адам біздің үйдің маңында айналшықтап жүргенін байқаған, кейін үйге кіргенде көршісінен бізге көмектесуін сұраған. Анам үйде балалар барын, сарбаздарға абай болуын ескертті. Олар үйге кіргенде әжем екеуіміз балалардың бөлмесіне жүгіріп бардық, сарбаздар оны тез әрі тыныш қана алып кетті. Оқиға шамамен 14:30-да болды», — дейді келіншек.
Екінші адам қалай ұсталды?
Алуаның сөзінше, үйіне басып кірген ер адамды алып кетуі керек болған досының оқиғасы бөлек.
«Бірінші ер адамды алып кеткенде екіншісі қоңырау шалды, мен телефон көтеріп, ол жуынып жатқанын айттым. Ол маған «Мен оны қалдырып кеткен жерге келсін деп айт оған» деді. Бірақ біріншісі бізге таксиде құжатсыз келе жатқандықтан оны полиция ұстап, бөлімшеге алып кеткенін, сол жақтан жаяу осы жерге келгенін айтқан болатын.
Жарты сағаттан кейін екіншісі қайтадан қоңырау шалды, мен сарбаздарға жүгіріп барып, оны үйге жақындатпауды сұрадым, сөйтіп оған бір көшенің қиылысында әскерилерден тығылып отырғанымызды айттым. Ол сол жерге келгенде тұзаққа түсті. Телефонын алып, ашқанда, ішінде менің нөмірім тұрды, бұл сол адам екеніне көзіміз жетті. WhatsApp-ында көптеген террористік топтар болды», — дейді келіншек.
Кейін әскерилер оларға бұл жақсы дайындалған, кәсіби содырлар екенін айтқан екен.
«Кейін бұл адамдар террорист екені белгілі болды. Осы мүмкіндікті пайдаланып, қазақстандық бітімгерлік полкінің жауынгеріне жедел әрекет етіп, бізді құтқарғаны, батылдық танытқаны үшін отбасыммен алғыс айтамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсыншы», — деп қорытындылады Алуа.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
По сообщению сайта Tengrinews