Жыл басынан бері Қазақстан билігінде бірқатар ауыс-түйіс болды. Үкіметтегі ең жас министр кім? Ал министр қызметінде ең ұзақ отырған кім? Tengrinews.kz тілшісі қызық деректер жинады.
Үкімет қанша пайызға жаңарды?
Әлихан Смайылов премьер-министр қызметіне тағайындалғанына бір апта ғана болды. Ол басқаратын үкіметте жоғары лауазымдарды атқаратын 22 адам бар: оның ішіне министрлер, премьер-министр орынбасарлары, премьер-министр кеңсесінің басшысы кіреді.
Үкімет жаңадан құрылғанымен, сол 22 адамның 14-і қызметінде қалды. Яғни, үкіметтегі басшылық қызметтегілердің 63,64 пайызы орнында қалды деген сөз.
Жаңа үкіметте ең жас министр кім?
Үкіметке бірқатар жаңа министр келгенімен ең жасы болып Бағдат Мусин қалды. Ол биыл мамырда 39-ға толады. Ол жаңадан тағайындалған ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровпен құрдас. Қуантыров 39-ға биыл қарашада толады.
Бағдат Мусин. © Facebook
Білім және ғылым министрлігін басқаратын Асхат Аймағамбетов те жас министрлер қатарында, ол биыл 40-қа келеді.
Ал жасы ең үлкен министрге келер болсақ, ол — ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев. ІІМ басшысы биыл 60-қа толады.
Ерлан Тұрғымбаев. Фото: Тұрар Қазанғапов
Жалпы алғанда, министрлердің тоғызы әлі 50-ге толмаған. Ал қалған тоғыз министр 50 жастан асқан.
Осы тұста министр қызметіндегі тәжірибені де атап өткен жөн. Әріптестеріне қарағанда ең тәжірибелісі — Тұрғымбаев. Ол 2019 жылдың ақпанынан бері ішкі істер министрлігін басқарады. Министр лауазымында 2019 жылдан бері келе жатқандар арасында Асхат Аймағамбетов, Бақыт Сұлтанов және Мұхтар Тілеуберді бар.
Министрлер қай өңірден?
Жалпы алғанда, 18 министр 9 өңірден шыққан. Ең көбі — Алматы мен Алматы облысы. Бұл жақта алты министр дүниеге келген.
Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтанда екі министрден туған.
Қарағанды, Түркістан мен Солтүстік Қазақстан облыстарында бір министрден шыққан. Ал Юрия Ильин Ресейдің Новосібір облысында дүниеге келген.
Қай министрлер шетелде білім алған?
Еліміздегі 18 министрдің төртеуі шетелде оқып қайтқан. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев 2006 жылы Нидерландыдағы Лейден университетін бітірген. Оның алдында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, кейін Еуразия гуманитарлық институтында тәлім алған.
Дәурен Абаев. Фото ©Тұрар Қазанғапов
Ал Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Ресейдегі Том мемлекеттік университетінде «Қаржы және кредит», «Лингвистика және мәдениетаралық коммуникация» мамандықтарын оқыған. Кейін Мичиган университетінде «Қолданбалы экономика» мамандығын тәмімдаған.
Әлібек Қуантыров. Фото: primeminister.kz
Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин болса, 1989 жылы И.С. Конев атындағы Алматы жоғары жалпыәскерлiк командалық училищесiн тәмімдаған. 2006 жылы Қырғыз мемлекеттік заң академиясында «заңгер» мамандығын алып шыққан. Осыдан төрт жыл бұрын «Тұранда» білім алып, заң ғылымдарының магистрі атанған.
Юрий Ильин. Фото: ОКҚ баспасөз қызметі
Ал қорғаныс министрі Мұрат Бектанов 1988 жылы Киев жоғары жалпыәскерлiк командалық училищесiн бітірген. 1998-2000 жылдар арасында ҚР Қарулы күштерінің әскери академиясында білім алған. Кейін Ресей Федерациясы Қарулы күштері Бас штабының әскери академиясын тәмамдаған.
Мұрат Бектанов. Фото: Қорғаныс министрлігі
Қалған министрлер Қазақстанда білім алыпты.
Экс-министрлер қайда кетті?
11 қаңтардағы ауыс-түйістен кейін алты министр қызметінен босатылды. Оның бірқатары жаңа қызметке ауысты. Мысалы, Аида Балаева Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды. Ал Марат Бекетаев премьер-министр кеңесшісі атанды.
Аида Балаева. Фото ©Тұрар Қазанғапов
Төрт ай министр болып қызмет еткен Мағзұм Мырзағалиев Президенттің кеңесшісі болды.
Мағзұм Мырзағалиев. Фото:primeminister.kz
Ал Бейбіт Атамқұлов, Ақтоты Райымқұлова мен Әсет Ерғалиевтің жаңа жұмыс орны бойынша ешқандай ресми ақпарат жоқ.
Айта кетейік, жаңа үкімет мүшелерін мына сілтеме бойынша көре аласыздар.
По сообщению сайта Tengrinews