Қазақстандағы тәртіпсіздік: Желіде тараған фейктер елді дүрліктірді 10 января 2022, 10:13

Дата: 10 января 2022 в 10:23


Қазақстан қалаларындағы тәртіпсіздіктер кезінде Желіде түрлі фейк тарап, тұрғындарды шошытты. Ведомстволар оның көбін дер кезінде жоққа шығарып, халықты сабырға шақырып жатыр. Tengrinews.kz тілшісі Желіде тәртіпсіздіктерге қатысты тараған фейктерді жинап шықты. 

«Алматы полициясының ғимараты жарылды» — фейк 

Алматылықтар Әуезов ауданындағы полиция ғимараты жарылғаны туралы ақпарат таратып, елді дүрліктірді. 

Бірақ Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров бұл ақпаратты жоққа шығарды.

«Қаскөйлер Әуезов ауданы полиция басқармасының ғимаратын жарып жіберді деген ақпарат — өтірік. Бұл — ақпараттық соғыс, мұндай қауесеттер халық арасында дүрбелең жасау үшін шығарылады. Бұл — шабуылдың бір бөлігі», — деді Ержан Бабақұмаров. 

«Алматыда үйлерді тонап жатқандар да бар» — фейк

Алматы халқы қалада қаскөйлер үйлерді де тонап жатқаны туралы ақпарат таратқан. Бұл да фейк болып шықты. Ақпарат жалған екенін Алматы полиция растады. 

«Тұрғындардың пәтерлері мен үйлерін тонау туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», — деді полицейлер. 

Полиция қызметкерлері жалған ақпараттарға сенбей, оларды таратпауға шақырды. 

«Алматыда құбырлардағы су уланған» — фейк

Алматыда су құбырындағы уланған су туралы ақпарат та — фейк. Бұл туралы қалалық комендатураның ақпарат орталығы мәлімдеді.

«Алматыда су уланғаны туралы ақпарат жалған. Су құбыры жүйесі зертханалық бақылауда. Тек ресми ақпаратқа сенім артыңыздар», — делінген хабарламада. 

«Қазақфильмнің» Алтын қоры өртенді» — фейк

Елдегі тәртіпсіздіктер кезінде «Қазақфильмнің» Алтын қоры өртеніп кетті деген де ақпарат тарады. Бұл — жалған. «Қазақфильм» киностудиясы мародерлердің әрекетінен зардап шеккен жоқ. Мұны киностудия баспасөз қызметі растады. 

Олардың мәліметінше, «Қазақфильмге» шабуыл жасалмаған. 

«Қазақфильм» Алтын қоры зардап шеккен жоқ», — деді киностудия президенті, танымал режиссер Ақан Сатаев. 

Киностудия баспасөз қызметінің мәліметінше, әңгіме 6 қаңтарда мародерлер шабуыл жасап, өртеп кеткен Qazaqstan ұлттық арнасының Алтын қоры туралы болған.

«Су мен электр қуаты тоқтатуы мүмкін» — фейк

Әлеуметтік желілерде Алматыда электр қуаты мен су беру тоқтауы мүмкін деген ақпарат тарады. Хабарламада бұған «қалалық су арнасына шабуыл жасалғаны» себеп болуы мүмкін екені айтылады.

Қала әкімдігі жағдайға түсініктеме берді. Әкімдік электр мен су тоқтайтыны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлады. 

«Алматы қаласындағы суық сумен қамту және су тарту нысандары қалыпты жұмыс істеп жатыр. Суық су және электр жарығы үзіліссіз қамтамасыз етіледі, су мен электр қуатын тоқтату жоспарда жоқ», — деді әкімдік өкілдері.

«Нұр-Сұлтанға 2000 тәліп келеді» — фейк

Желіде елордаға 2000 тәліп келетіні айтылған хабар тарап, ол халықты дүрліктірген. 

StopFake сайтының мәліметінше, Нұр-Сұлтан қаласының комендатурасы бұл қауесетті жоққа шығарды.  

«Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Арандатуға бой алдырмаңыздар, дүрбелең тудырмаңыздар. Тек ресми ақпаратқа сеніңіздер. Төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат таратуға заңнамада қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Елордадағы ахуал толық бақылауда», — деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы комендатурасының баспасөз қызметіндегілер.

«Несиелік қарыз толық өтеледі» — фейк

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 15-не дейін өтініш берген қазақстандықтардың барлық банктік қарызы толық өтелетіні туралы жалған хабарлама тарап жатыр. 

StopFake мәліметінше, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан Ұлттық банкі несиелік рақымшылық жасау туралы ақпаратты жоққа шығарды.

«Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таратылып жатқан несиелерді өтеу туралы фейк жаңалықтар шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдейміз. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан Ұлттық банкі азаматтар мен БАҚ-тан тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұрайды», — делінген ведомстволардың бірлескен хабарламасында.

Негізі мұндай фейк бұрын да тараған. Мысалы, былтыр желтоқсанда Қазнетте несиелерді өтеу туралы осындай ақпарат кеңінен тараған болатын. Халықтың көбі фейкке сеніп, Алматыдағы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ғимаратына барған еді.

«Алматы маңындағы әскери биозертхана басып алынды» — фейк

StopFake мәліметінше, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде белгісіз біреулер Алматы маңындағы әскери биозертхананы басып алғаны туралы ақпарат тарады.

Бұл ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігі жоққа шығарды.

«Бұл фейк. Нысанға күзет қойылған», — деді ведомство өкілі.

Алматы маңындағы бұл орталық зертхана 2017 жылы салынған және оның негізгі қызметі — диагностика жасау. Онда аса қауіпті инфекция ошақтары зерттеледі, дәрігерлер білім алады және қауіпті қоздырғыштар сақталады.

«Қазақстан киносының Алтын қоры жойылды» — фейк

Қаскөйлер Qazaqstan телеарнасына шабуыл жасап, ғимаратты өртеп жібергенде «Елімізде киноның алтын қоры жойылды» деген ақпарат тараған. 

Мәдениет және спорт министрлігі бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлады. Qazaqstan телеарнасының мәліметінше, Алматы қаласындағы филиал ғимаратында сақталған киноматериалдарға шығын келген.

«Qazaqstan РТРК 2017 жылдан 2021 жылға дейін кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбаларының Орталық мемлекеттік мұрағатына (ҚР МСМ ведомстволық бағынысты ұйымы) сақтауға берген киноның «Алтын қорының» 500-ге жуық сақтау бірлігі бар елеулі бөлігі бүтін және сақталған», — деп жазылған ведомство хабарламасында.

«ҰҚК департаментінен қару мен оқ-дәрілер ұрланды» — фейк

Желіде қаскөйлер Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінен қару мен оқ-дәрілер ұрлап кеткені туралы ақпарат тарады. 

ҰҚК бұл ақпаратты жоққа шығарды. 

«Кей БАҚ пен әлеуметтік желіде тарап жатқан Алматы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінен қару, оқ-дәрі және басқа да мүлік ұрланды деген ақпарат шындыққа жанаспайды», — делінген ҰҚК хабарламасында.

Айта кетейік, ішкі істер министрінің қызметін атқарушы Ерлан Тұрғымбаев жалған ақпарат таратқандар жазаға тартылатынын ескерткен. Ол мұндай қиын уақытта көрінеу жалған ақпарат таратуға болмайтынын, ал ондай дерек тіркелсе, полиция әрекет ететінін айтты. 

«Мемлекеттік және ішкі істер органдарының ресми дереккөздеріне сену керек. ТЖ кезінде жалған ақпарат таратқандар ҚК 274-бабы, 4-бөлігіне сәйкес, үштен жеті жылға дейін сотталады», — деді ішкі істер министрінің міндетін атқарушы.

Қазақстанда тәртіпсіздіктер басталып жатқанда да бірқатар фейк тарағанын жазған болатынбыз. 

По сообщению сайта Tengrinews