Нұр-Сұлтанда арқан арқылы көпқабатты тұрғын үйлердің терезесінен ішке еніп, балаларды жаңа жыл мерекесімен құттықтаған Аяз ата желі қолданушыларын тәнті етті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қауіпті трюктерді шебер орындап, көпшіліктің ықыласына бөленген Қайратбек Тұрғанжановтың жасы 34-те, Семей қаласының тумасы. Оның кәсіби өндірістік альпинизм саласында жұмыс істеп жүргеніне 10 жылдан асыпты.
«Бала кезімнен биікке шыққанды жаным сүйді. Сол үшін өндірістік альпинизм саласына бет бұрдым. Бүгінде түрлі қызмет түрлері бойынша жұмыс істеймін. Кейінгі жылы танымал кейіпкерлердің образын жандандырып, ойын-сауық және жарнама сипатындағы көпшілік іс-шараларды қолға алдым», — дейді ол.
Посмотреть эту публикацию в InstagramПубликация от ӨРМЕКШІ АДАМ | ЧЕЛОВЕК ПАУК (@spiderman_kaz)
Қайратбек Аяз ата кейпіндегі құттықтауларына тоқталып, идея қайдан келгенін түсіндірді.
«Аяз атаға келсек, идея осыдан бірнеше жыл бұрын келген. Сәті биыл ғана түсті. Менің білуімше, елордада мұндай жоба бұған дейін болған емес. Біздің мақсатымыз — адамдарға, әсіресе, кішкентай балаларға позитив көңіл күй сыйлау. Біз де кезінде белгілі бір уақытқа дейін Аяз атаға сендік, бірақ оны ары кетсе тек теледидардан көрдік. Қазір де балалар Аяз атаға және басқа да кейіпкерлерге сенеді. Мен өз әрекетім арқылы олардың балалық шағын одан да қызықты қылғым келеді, оған қоса, осындай ивенттерден кейін баланың ой-өрісі кеңейеді», — дейді альпинист.
Оның айтуынша, мереке қарсаңында тапсырыс көп түсуде, бірақ Қайратбек Тұрғанжанов осы тұста ескерілетін мәселе бар екенін жеткізді.
«Кейінгі күндері тапсырыс саны бірнеше есеге артты, тіпті, үлгермей де жатырмын. Десе де, кез келген тапсырысты қабылдай бермеймін. Ең алдымен, қай тұрғын үй екеніне мән беремін, себебі ескі үйлердің төбесіне шығу үшін пәтер иелері кооперативінің рұқсаты керек. Расында да кейбір үйдің төбесінде арқанды мықтап байлауға мүмкіндік жоқ», — дейді ол.
Сөз соңында елордалық альпинист өз ісінің қауіпі туралы айтып, ескерту жасады.
«Өндірістік альпинист болып жұмыс істеуге екінің бірінің жүрегі дауалай бермейді. Өйткені арқанмен өрмелеп жұмыс істеу оңай емес. Оған психологиялық дайындық керек. Сондықтан альпинизмде тәжірибесі жоқ адамдарға бұл істі қайталауға болмайтынын ескерткім келеді», — деді Тұрғанжанов.
Әңгімелескен Мұхтар Жәмішжанов
Суреттер Қайратбек Тұрғанжановтың жеке мұрағатынан
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
По сообщению сайта Tengrinews