Осыдан тура 30 жыл бұрын Қазақстан егемендігін алды. Ол кезде әлем қандай болды? Қазақстанда қандай өзгерістер болды? Tengrinews.kz тілшісі 1991 жылы әлем қандай болғанын жазды.
30 жыл бұрын Қазақстанда не болды?
1991 жылы әлі тәуелсіздігін алмаған Қазақ КСР-де президент қызметі пайда болды. Сол кезде одақтық республиканың басшысын Жоғары Кеңес сайлайды деп шешілген.
Сол уақытта Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы болған Нұрсұлтан Назарбаев одақтық республиканың президенті атанды. Кейін 1 желтоқсанда Қазақстан Президентінің сайлауы өтіп, Назарбаев 98,7 пайыз дауыспен жеңіске жетті. Ал бүгінде 1 желтоқсан Қазақстан Тұңғыш Президенті күні ретінде атап өтіліп жүр.
Фото 1991.kz сайтынан
1991 жылы 29 тамызда Президенттің «Семей полигонын жабу» туралы қаулысы шықты. Бұл полигон 40 жыл бойы жұмыс істеген еді.
Фото mfa.gov.kz сайтынан
30 жыл бұрын қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты. Ол ғарышта 10 күн болып, Жерге оралды.
Фото gctc.ru сайтынан
Сондай-ақ, 1991 жылы елімізде тәуелсіз телеарналар құрыла бастады. Дәлірек айтқанда, «КТК» мен «Таң» арналары ашылып, қазақстандықтар арасында танымал болды.
1991 жылға дейін алпыс жыл бойы қазақтар Наурыз мейрамын атап өте алмайтын. Сол жылы «22 наурызды Наурыз мейрамы деп жариялау туралы» қаулы шықты. Ол кезде мереке үшін демалыс берілмейтін, 1992 жылдан бастап қана қазақстандықтар Наурызда жұмыс істемейді.
«Целиноградская правда» газеті. Фото: ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы
Отыз жыл бұрын бірнеше өңір жаңа атау алды. Гурьев облысы Атырау облысына, Гурьев қаласы Атырау қаласына айналды. Кокчетав облысы Көкшетау деп қазақшаланды. Ал 10 желтоқсанда Қазақ КСР Қазақстан Республикасы деп өзгертілді.
1991 жылы қазақстандықтар көптеген өнімді талонмен сатып алатын. «Вечерняя Астана» газеті сол кезде қант, табак және вино өнімдерімен қатар, комиссиялық еттер де талонмен берілетінін жазған. Сиыр еті 11 рубль, 20 копейка тұрған. Ал шошқа еті 6 рубль болған.
Сол жылы нан мен ұн өнімдері 1,5-2 есеге қымбаттады. Дүкен сөрелері босап, азық-түлік азайған.
«1991 жылы халықтың әлеуметтік жағдайы күрт төмендеді. Жалақы дер кезінде берілмеді, дүкен сөрелері түгел босап, халық нан, қант, май сатып алу үшін ұзақ уақыт кезекте тұрды. Картамен үлестіру халыққа тиімсіз болды. Өндіріс ошақтары құлдырай бастады. Суйық май мен ішімдікті талонмен беретін дүкендер ашылды, халыққа төленетін еңбекақы азық-түлік сатып алуға жетпейтін», — дейді алматылық Зәуре Қайранбекова.
КСРО құлады
Бұл Қазақстанда ғана емес, КСРО-ның барлық республикасында білінді. Экономикалық дағдарыс басталды, КСРО-да ұлтаралық қақтығыс та көбейген. Сол кездерде одақтағы республикалар өз алдына мемлекет болып, экономикасы тәуелсіз ел атануды жоспарлай бастаған.
1991 жылы наурызда КСРО-ны сақтап қалу бойынша бүкілодақтық референдум өтіп, дауыс берушілердің 76 пайызы оны қолдаған. Референдумнан кейін КСРО орнына Тәуелсіз Мемлекеттер Одағы (ТМО) құрылуы керек болған.
Алайда 1991 жылы тамызда Мәскеуде КСРО-ны ТМО-ға ауыстыруға қарсы шыққандар митинг өткізді. Бұл ТМО-ны құруға кедергі келтірді, бірақ КСРО ыдырауын жақындатты.
Фото rts.ch сайтынан
Салдарынан қыркүйекте Латвия, Литва мен Эстония тәуелсіздігін алды. Сол сәттен бастап басқа да елдер егемендік алды. Нәтижесінде 1991 жылдың желтоқсанында КСРО деген ел жойылып, орнына әлем картасында жаңа 15 ел пайда болды.
АҚШ жылды соғыспен бастады
1991 жыл АҚШ үшін соғыспен басталды. 17 қаңтарда АҚШ пен оның «көпұлтты коалициясы» Кувейтті Ирак әскерінен босату бойынша операция бастады. Америкалықтар Ирак әскеріне мыңдаған ұшақпен шабуылдап, нәтижесінде ирактықтар Кувейттен қашуға мәжбүр болды. Қашып бара жатқанда олар Кувейттегі мұнай ұңғымаларын өртеп кетті.
27 ақпанға қараған түні екі жақ келісіп, Ирактың мыңдаған әскері мен тұрғыны Бағдадқа қарай шегінді. Сол кезде АҚШ президенті Джордж Буш Ирак әскерінің көзін жоюды бұйырған. Сондықтан Ирак әскері қашып бара жатқан жолды америкалықтар оқ астына алған, сол жол кейін «өлім шоссесі» деп аталып кетеді.
«Өлім шоссесі». Фото: TECH. SGT
Югославия да құлады
1991 жылы Еуропада 1945 жылдан бергі ең үлкен соғыс болды. Ол сол кездегі Югославияда өтті.
Соғыс басталуына Югославия құрамасындағы Хорватия, Словения, кейін Босния өз тәуелсіздігін жариялауы себеп болған. Оған Сербия мен Югославия Халық Әскері қарсы болған.
Фото: Reuters
1991 жылы Хорватия аумағында ұрыс көп болды. Бұл қақтығысқа БҰҰ мен АҚШ та араласты. Нәтижесінде Югославия құрамында болған елдер ыдырап, әлем картасына Хорватия, Словения, Босния және Герцеговина, Сербия және Черногория, Македония секілді тәуелсіздік елдер пайда болды. Бұл елдерден тек Македония ғана тәуелсіздігін бейбіт түрде алды.
Албания халқы коммунизмнен бас тартты
1991 жылы Албанияда коммунизмге қарсы митинг өтіп жатты. Бір жыл бұрын басталған наразылық шарықтау шегіне жетіп тұрған. 20 ақпанда мыңдаған тұрғын Тиранадағы Скандерберг алаңына жиналды. Полиция оларға қарсы тұруға тырысқанымен, наразылыққа шыққандардың саны көп болды.
Елдегі тұрақсыздық кезінде он мыңдаған тұрғын кемемен елден қашып кетті. Италиядағы Бриндизи портына 20 мың албаниялық қашып барған.
Бриндизиге қашып барған албаниялықтар. Фото: twitter.com/FactInteres
Сол жылы Албаниядағы билеуші партия құлап, орныны бірнеше жаңа партия құрылды.
1991 жылы қандай әндер хит болды?
1991 жылы Queen тобы бүгінде рок стилінің классикасына айналған The Show Must Go On әнін жарыққа шығарды. Бірақ сол жылы дүние жүзі рок-музыканың аңызына айналған Фредди Меркьюримен қоштасты. 24 қарашада 45 жастағы әнші Лондондағы зәулім үйінде бронхопневмониядан қайтыс болды. Содан бір күн бұрын Меркьюри СПИД-пен ауыратынын мойындаған еді.
Сол жылы америкалық Брайан Адамстың I Do It For You әні дүние жүзінде хит болып, түрлі чарттарда бірінші орында тұрды.
Ал Майкл Джексон Black Or White әнін жарыққа шығарды. Бұл ән бүгінге дейін хиттердің бірі саналады.
Аңызға айналған Scorpions тобының Wind of Change әнін қазіргі тыңдармандар да жақсы білетін болар.
Ал КСРО елдері аумағында Владимир Престняковтің «Стюардесса по имени Жанна» әні хит болып жатты.
Ал Олег Газманов кейін ұзақ уақыт халық есінде қалатын «Морячка» әнін шығарды.
30 жыл бұрын қандай фильмдер жарыққа шықты?
1991 жылы жарыққа шыққан кей фильмді қазіргі буын да жақсы біледі. Сол жылы «Молчание ягнят» фильмі шықты. Энтони Хопкинс түскен фильм сол жылы бес «Оскар» алды. Оның ішінде «Жылдың үздік фильмі», «Үздік ер адам ролі» секілді номинациялар бар.
«Молчание ягнят» фильмінің кадры
Сонымен қатар, Арнольд Шварценеггер түскен «Терминатор 2. Судный день» фильмі де жоғары бағаланды. Терминатор фильм соңында өзін-өзі өлтірген сәті көптің жүрегін елжіреткен еді. Ал фильм сол жылы «Оскардың» төрт номинациясында жеңіске жеткен.
«Терминатор 2. Судный день» фильмінің кадры
Жан-Клод Ван Дамм басты рольде ойнаған «Двойной удар» фильмін де көбі әлі ұмытпаған болар.
«Двойной удар» фильмі
Одан бөлек, 1991 жылы Джеки Чанның «Доспехи Бога 2» фильмі жарыққа шықты.
«Доспехи Бога 2» фильмінің кадры
Бұл фильмдердің кассеталары қазақстандықтардың бәрінде болған шығар. 30 жыл бұрын әлем осындай болды, ол кездің көптеген әні мен фильмдері «алтын мұрағатқа» енген.
По сообщению сайта Tengrinews