Омикрон, жабық шекара. Әлем Жаңа жылды қалай қарсы алады? 09 декабря 2021, 17:09

Дата: 09 декабря 2021 в 17:13 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Жаңа жыл жақындаған тұста коронавирустың омикрон штамы шығып, дүние жүзі сақтық шарасын қайта күшейтіп жатыр. Жағдай күрделенсе, әлем Жаңа жылды қатаң шектеулермен қарсы алуы мүмкін. Tengrinews.kz тілшісі шет елдердегі шектеулер туралы жазды. 

Ресей

Көрші Ресейде эпиджағдай тұрақтамай тұр. Кеше Ресей үкіметінің басшысы Михаил Мишустин елдің 11 өңірінде коронавирус жұқтыру дерегі көбейгенін айтты. Таяуда бұл елде омикрон штамы да анықталған. 

Сондықтан Жаңа жылды ресейліктер бірқатар шектеумен бастайды. Ресейліктер де біздің Ashyq секілді QR-кодпен жүреді. Бұл елде де біздегідей сақтық шаралары бар. Бұрын Ресейде ПТР-тест нәтижесі 72 сағатқа жарамды еді, енді омикрон қаупіне байланысты ол 48 сағатқа қысқартылды. 

© REUTERS

Омикрон штамы анықталғаннан кейін Ресейде шектеу шаралары өзгермейді. Карантин қатаңдамайды.  

«Мұның керегі жоқ. Бүгінге дейін енгізілген шаралардан басқа қосымша шектеулер керек емес», — деді денсаулықты сақтау комитетінің басшысы Дмитрий Хубезов «Россия 24» арнасының эфирінде. 

Сондықтан Ресей әзір шекарасын жаппайды. Тек Африканың кей елі мен Гонконгтен ұшып келетіндерге шектеу қойды. Ал ел билігі халықты Жаңа жылды үйден қарсы алуға шақырып жатыр. 

АҚШ

6 қарашада АҚШ та жаңа шектеулер енгізді. Себебі бұл елдің бірнеше штатында омикрон анықталған. Сондықтан бұл елге ұшып барғанның бәріне талап күшейді. 

CNN мәліметінше, АҚШ-қа ұшып барған кез келген рейстің жолаушылары коронавирус жоқ екенін дәлелдейтін тест нәтижесін көрсетуі керек. Бұл тест шекарадан өтпес бұрын бір тәулік ішінде жасалуы керек. 

© REUTERS

Одан бөлек, бұл шектеу қай елден келгеніңе, вакцина салдырған-салдырмағаныңа қарамайды. 

Сонымен қатар, ұшақ, пойыз, автобус пен әуежайларда маска режимі 18 наурызға дейін ұзартылды. 

Кей өңірде омикронға байланысты төтенше жағдай режимі жарияланды. Бірақ елге келгендер карантинде жатуға міндетті емес. 

Ұлыбритания

Ұлыбританияда эпиджағдай тұрақты. Бірақ ел омикронға байланысты сақтық шарасын қатаңдатпақ. 

Премьер-министр Борис Джонсонның айтуынша, келесі аптадан бастап Англияда Covid-паспорт енгізіледі, сол арқылы тұрғындар түнгі клубқа, концерттер мен бұқаралық іс-шараларға бара алады. Мұндай құжат бүгінде Шотландияда да бар. Ұлыбританиядан ұшатын кезде де тұрғындар осы құжатын көрсетуі керек. 

© REUTERS

Дүйсенбіден бастап халыққа үйден жұмыс істеуге кеңес берілді. Маска тағу қайта міндеттелді — бұған дейін Ұлыбританияда тек көлікте ғана маска тағу керек еді. Енді көптеген қоғамдық орында маскамен жүру қажет. 

Коронавирус жұқтырғанның бәрі карантинге жатады, ал онымен байланысты болған адамдар тест тапсырады. 

Ұлыбритания билігі осындай шектеу шараларын қатаңдатып, вакцина салғандар санын ұлғайтпақ. 

Германия

Германиялықтар коронавируспен вакцина арқылы күресін жалғастырып жатыр. Сондықтан Германия билігі желтоқсан басында вакцина салдырмағандар үшін шектеу шараларын күшейтті. 

Еuronews мәліметінше, екпе алмаған тұрғындарға сауда орындарына баруға тыйым салынады. Тек дәріхана мен азық-түлік супермаркетіне рұқсат етілген. 

Желтоқсан басында Германия канцлері болған Ангела Меркель тағы бір шектеуді айтқан. Енді вакцина салдырмағандар басқа үйдің тек екі мүшесімен кездесе алады. 

© REUTERS

Мұндай шектеулерді кейін жаңа канцлер Олаф Шольц та жақтады. 

Германия билігі мектептерді жаппайды, бірақ оқу орындарында маска режимі қатаңдатылады. Футбол стадиондарына тек 30 пайыз сыйымдылықпен жанкүйер кіргізуге рұқсат етілді. Мәдени іс-шараларға 5 мыңнан артық адам жиналмауы қажет. 

Ал омикронға байланысты Ботсвана, Эсватини, Лесото, Малави, Мозамбик, Намибия, Замбия және Зимбабве секілді елдерден келетін рейстерге тыйым салынды.

Түркия

Түркия билігі омикрон енді тарап жатқан кезде Ботсвана, ОАР, Мозамбик, Намибия және Зимбабве секілді елдер үшін шектеу қойды. 

Бұл елге баратындар ПТР-тестінің ағылшын немесе түрікше нұсқасындағы нәтижесін көрсетуі керек. Ол 72 сағатқа жарамды. 

Вакцина салдырғандар қажетті құжатты көрсетіп, елге емін-еркін кіре алады. 

© REUTERS

Жапония

30 қарашадан бастап Жапония шекарасын жапты. Сонда оқитын шетелдік студенттер де Жапонияға кіре алмайды. 

Қазіргі уақытта Жапонияға тек жапондар, ұзақ уақыттық виза алған шетелдіктер мен дипломаттар ғана кіре алады. 

Осыған байланысты Жапонияда өтеді деп жоспарланған халықаралық іс-шаралар шегерілді. Оның ішінде қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің де жекпе-жегі бар. Ол 29 қарашада Токиода жергілікті Риота Муратамен жұдырықтасуы керек болған. 

© REUTERS

Қазақстан

Қазақстанда да омикрон штамына байланысты арнайы шектеулер бар. Израиль, Чехия, Нидерланды, Ұлыбритания, Италия, Германия, Аустралия, Канада, Бельгия және Мысыр елдерінен келген азаматтар COVID-19-ға қарсы вакцинаның толық курсының бар-жоғына қарамастан, ПТР тест нәтижесін көрсетуге міндетті. Ол елге келмес бұрын 72 сағат ішінде жасалуы қажет. 

Елімізде әлі де маска режимі сақтаулы. Қоғамдық орындарға Ashyq қосымшасы арқылы кіру қажет. Кей өңірде демалыс күндері вакцина салдырмағандарға сауда үйлеріне кіруге тыйым салынады. 

Дүние жүзінің көптеген елінде карантин айтарлықтай қатаңдаған жоқ. Тек көптеген мемлекет шетелдіктер үшін шектеу шараларын күшейтті. Африкалық кей елден келетін рейстерге тыйым салды. Олардың қатарында Франция, Сауд Арабиясы, Польша, Италия секілді бар. Ал Израиль жапондар секілді шекарасын толық жауып тастады. 

Ал әр елдің билігі Жаңа жыл мен Рождествоны үйде қарсы алып, шетелге шықпауға кеңес беріп отыр. 

По сообщению сайта Tengrinews