Ішкі істер министрі мінсіз қызметімен көзге түскен полицейлерді марапаттады 01 декабря 2021, 16:44

Дата: 01 декабря 2021 в 16:53 Категория: Новости политики


Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мінсіз қызметімен көзге түскен полицейлерді марапаттады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні — қазақ елінің тарихына алтын әріппен жазылған тарихи мереке. Биыл Тұңғыш Президенті күні Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына сәйкес келіп отыр. Еліміздің тәуелсіздікке жетуі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атымен тығыз байланысты. Еліміз 50 дамыған мемлекеттің қатарына кірді. Азаматтарға жан-жақты жағдай жасалды. Олардың құқықтары мен бостандықтары қорғалып, ұлтаралық келісім және азаматтық қоғам қалыптасты. Елбасының бастамасымен көптеген реформалар жүзеге асты. Соның бірі — ішкі істер органдарындағы «Жол картасы». Осы реформаның нәтижесінде қызметкерлердің жалақысы өсті. Үйге компенсация алатындардың саны өсті. Енді басты міндет — халықтың сенімінен шығу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жол картасын» сапалы іске асыру үшін нақты тапсырмалар берді. Ішкі істер органдарының қызметкерлері осы тапсырмаларды абыроймен атқарады деп сенемін», — деді Ерлан Тұрғымбаев

Ведомство басшысы барша қазақстандықты айтулы мерекемен құттықтай отырып, мінсіз қызметімен танылған қызметкерлерге медальдар, төсбелгілер, грамоталар мен алғыс хаттар табыстады.

Елбасы күніне орай ішкі істер министрлігінің 202 қызметкерімен қатар аймақтық бөлімдерден 1211 маман марапатқа лайық деп танылды. 46 полицейдің шені бір сатыға өсіп, 28 қызметкер мерзімінен бұрын шенді болды.

По сообщению сайта Tengrinews