Жақында Алматыда болған трагедия кім-кімді болсын елең еткізбей қоймады. 28 жастағы әйелдің 2015, 2016 және 2019 жылғы үш баласымен қоса тоғызыншы қабаттан неге секіргені әлі беймәлім. Десе де бұл қайғылы оқиға қоғамды тағы бір ойландырғаны сөзсіз. Әлеуметтік желілерде де жағдай қызу талқыланып, пікірталастар пайда болды. Кәсіби отбасылық психолог Ержан Мырзабаев «бұл жағдайға ешкім кінәлі болмаса, бәріміз кінәліміз» дейді. Tengrinews.kz тілшісі маманмен сөйлесіп, бұл ойын ашып айтуды, бала босанған әйелдегі депрессия, оның белгілері мен қолдау көрсетудің маңызы, проблеманы мемлекет деңгейінде шешу жолдарын сұрады.
Ержан Мырзабаевтың сөзінше, әрбір босанған әйелде босанудан кейінгі депрессия болады.
«Өйткені 9 ай көтерген баланы дүниеге әкелу физиологиялық та, психологиялық тұрғыдан да өте ауыр. Бұл бір сәтте әйелден ана деңгейіне өту кезеңі. Ол 6 айдан 2,5 жылға дейін созылуы мүмкін. Депрессия ашық және жабық түрде болады.
Ашық түрдегі күйзеліс кезінде әйелде психологиялық ауытқулар байқалады, аггрессивті немесе тұйық болады, жабылады, өмірден ләззат ала алмайтын, ешкіммен қарым-қатынас құра алмайтын, өмірден шаршаған халге жетеді.
Ал жабық түрінде эмоция басым келеді, ашушаңдық, еркелік, жиі жылау байқалады. Өмірден безу белгілері болмайды», — дейді маман.
Психолог күйеуі мен жақындарының, туыстарының қолдауы жақсы болса, жабық түрдегі депрессия оңай, алты айдың ішінде түзелетінін айтты. Ал жақындарынан қолдау болмаса, өмірде түрлі проблемалар көбейсе, депрессия ашық және ауыр формада өтуі мүмкін. Күйзелістің салдары суицидке жетуі ғажап емес.
«Осы тұрғыда әйелге жақындарының, әсіресе жұбайының қолдауы өте маңызды. Отбасыда босанған әйелді бірінші орынға қою керек. Күйеуі жұмыстан келіп, жағдайын жасауын, тамақ беруін талап етуі немесе ата-енесі «Сен келінсің, қызмет ет, қонақ келе жатыр. Біз де бала тудық, не болды сонша? Еден жу, үй жина» дегенді қойғаны жөн.
Бұл ауруханадан енді шыққан адам, оның қалыпқа келуіне уақыт керек, физиологиялық тұрғыдан да қанның тоқтауы үшін 40 күн қажет. Ал психологиялық тұрғыдан әйелге кем дегенде 6 ай еш тиіспей, ауыртпалық салмай, үйдің еркесі, кенжесі, сүйікті қызы ретінде бәрі жан-жақтан мейірім төгіп, қолдау көрсетуі керек», — дейді кәсіби отбасылық психолог.
Босанған әйелге қалай дұрыс қолдау көрсету керек?
Ержан Мырзабаев анаға қалай дұрыс көмек көрсету керегін айтты. Оның сөзінше, бұл «Мен бала қарай тұрайын, сен тамақ істеп кел» деген емес. Баланы әйел жұмыс істеуі үшін қарамайды.
«Әйелгі мынау керек: «Мен бала қарай тұрайын, сен ұйықтап ал немесе далаға шығып таза ауамен тыныстап кел я кітап оқы, фильм көр, демал». Яғни, демалу үшін баланы қарай тұрайын деген жағдай жасалуы керек», — дейді маман.
Бала босанған соң ұйқы бұзылатыны айдан анық. Ұйқының қанбауы да адамды тікелей депрессияға ұшыратады екен.
«Біздің қоғамда адамды тек еттен, сүйектен жаралған біреу ретінде қарайды. Біреу дегенде малдан да айырмашылық жоқ, аяқ-қолың бар, денің сау. Ал ішкі көңіл күйің, эмоция, күйзеліс, уайым, қорқынышың, өкінішке қарай, ешкімді қызықтыра бермейді. Яғни бұл — адам психологиясына мән бермеу», — дейді ол.
© pixabay.com
Тұрмысқа шыққанан кейінгі жауапкершілік және көмекті талап ету
Психолог әйел тұрмысқа шыққанан кейін, оған бірінші кезекте жауапты адам — ең жақыны, жан дүниесін түсінетін, білетін, қолдау көрсететін күйеуі екенін айтты. Маман қоғам мен әйелдің өз жауапкершілігі туралы да ойын білдірді.
«Әйелінің осындай күйде жүргенін көріп, көмектесу, шара қолдану, маманға апару, жағдай жасау, тікелей күйеуінің жауапкершілігі.
Қоғамдағы менталитет те ықпалын тигізеді. Әйелдің, келін ретінде белгілі бір статусқа ие болмауы, әрдайым бәріне борыштар, қарыздар болуы сияқты мән беріле бермейтін проблема да бар.
Бұл тұста әйелдің де өз жауапкершілігі болады. Психологиялық тұрғыдан өзіңді жақсы көрмесең, сені де ешкім жақсы көрмейді, өзіңді сыйламасаң, қадірлемесең, бағаламасаң ешкім оны істемейді», — дейді Ержан Мырзабаев.
Сондықтан ол депрессияда жүрген әйелдер жанындағы адамдардан көмекті талап етуі керегін айтты.
«Көмек күту, сұрау емес. Талап етіңіз. Баланы қарай тұр, мен ұйқымды қандырып алайын. Керек болса күйеуі декреттік демалысқа шықсын. Керек болса жұмысын ысырып қойсын, жұмыс қарқынын азайтсын, туысқандар шақырылсын, қызметші шақырылсын. Бірақ әйел босанғаннан кейін еш жалғыз қалмауы керек. Оны әйел өзі үшін талап етуге тиіс. Бұл ұшақтағы оттегі маскалары сияқты, бірінші өзіңізге, кейін балаңызға тағасыз», — дейді ол.
Маман балаға толыққанды дұрыс қарай алу үшін алдымен өз жағдайыңды жасау керек дейді. Сонда ғана күйзелістен шығуға мүмкіндік болады.
«Ешкім кінәлі болмаса, бәрі кінәлі»
Психолог әлеуметтік желіде әйелді оқиғаға кінәлап жатқандарға жауап берді.
«Бұл трагедияға ешкім кінәлі болмаса, бәрі кінәлі. Қоғам ретінде біз жанымыздағы адамның жан айқайын көре алмағанымыз үшін кінәліміз. Қоғам ретінде жағдай жасай алмағанымыз үшін кінәліміз. Қазір әлеуметтік желіде түрлі адамдар әйелді қылмыс жасады деп айыптап жатыр. Мен мұнымен келіспеймін. Есі дұрыс, ақыл-ойы орнындағы ешбір әйел баласын терезеден тастамайды. Мұның барлығы әйелдің бойындағы психологиялық ауытқулардың, депрессияның белгісі. Біз ақыл-есі кем адамның ісін айыптамаймыз ғой. Осындай жағдайдағы әйелді де, менің ойымша, айыптамау керек.
Ал айып, кінә бар болса, туыстардан бастап мемлекет деңгейінде жауапкершілік бар. Жақындары, күйеуі, ата-енесі, әке-шешесі, бауыры, туыстары, көршісі әйелдің жан айқайын көрмегені, сезбегені, байқамағаны үшін кінәлі.
Қоғам ретінде осындай менталитет қалыптастырғанымызға, осыған көнгенімізге, мемлекет деңгейінде қиын жағдайдағы әйелдерге жағдай жасалмағаны үшін жауапкершілік барын атап өту керек», — дейді Ержан Мырзабаев.
© pixabay.com
Оның пікірінше, босанғаннан кейін әйел жергілікті ауруханада гинекологтың, педиатрдың бақылауында ғана емес, тікелей психологтың да бақылауында болуы керек.
«Белгілі бір уақытта психологқа келіп-кетуге жағдайы болмай жатса, сол маманның әйелдің үйіне барып, үйдегі атмосфераны сезініп, әйелге қолдау көрсетуге, мотивация беруге мүмкіндік жасау, жақындарына депрессияда жүрген әйелмен қалай қарым-қатынас орнату керегін түсіндіру, үйрету жұмыстарын жасау керек. Әрбір отбасына кәсіби деңгейдегі психолог маман қажет. Емхана тарапынан босанған әйелдерге учаскелік дәрігерлер сияқты психологтар да үй-үйді аралауына жағдай жасауға болар еді. Осы оқиғадан кейін құзырлы органдар елімізде психологиялық қызметтің күннен күнге маңызы артып жатқанын, оны жағдайы келмейтін адамдар үшін мемлекет қамтамассыз етуі керегін түсінетін шығар деп ойлаймын», — дейді маман.
Ержан Мырзабаев Қазақстан дүниежүзінде ең көп ажырасатын елдердің қатарында екенін де тілге тиек етті. Шынымен де, былтыр БҰҰ-ның Қазақстандағы халық саны саласындағы қорының қолдауымен дайындалған зерттеу нәтижесінде, елімізде тіркелген некенің 40 пайызы ажырасумен аяқталатыны белгілі болды. Сонымен қатар, 2015 жылдан бері ажырасу деңгейі бойынша топ-10 елдің қатарындамыз.
«Осыған қарайтын болсақ, біз қоғам ретінде депрессияда жүрген халықпыз. Психологиялық қызметті барынша қолжетімді қылу үшін мемлекет жағдай жасауы керек деп ойлаймын», — деді ол.
«Баланы жоспарлау керек»
Психолог осындай оқиғаларды алдағы уақытта болдырмау үшін әйелдің өзін күтуі, ерлі-зайыптылар отбасы құрғанда баланы жоспарлап үйренуі, қатарынан 2-5 бала туа бермеуі маңызды екенін айтты. «Баланың алдындағы жауапкершілік — оны жоспарлы түрде қалап, дүниеге әкелу», — дейді Ержан Мырзабаев.
«Шын мәнінде қамқорлық көрсете алатын, өзіне ауыртпалық тимейтіндей болуы керек. Бір баланы дүниеге әкелгеннен кейін оны аяққа тұрғызып, өздері қалыпқа келгеннен кейін ғана екіншісін жоспарлау керек. Одан 3-4 жыл өтіп, демалған соң ғана үшіншісін. Бала кездейсоқ жыныстық қатынастан дүниеге келмеуі керек. Баланы белгі бір дәрежеге көтердік, материалдық жағдайымыз белгілі бір дәрежеде жақсарды, психологиялық тұрғыдан қалыпқа келдік, енді біз келесі балаға дайынбыз, күтеміз, жағдайын жасай аламыз деп жоспарлау керек. Баланың алдындағы жауапкершілік — оны жоспарлы түрде қалап, дүниеге әкелу», — деп қорытындылады маман.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
По сообщению сайта Tengrinews