Қазақта ұлтабар деген ырым бар. Жаңа түскен келінге немесе көптен балалы бола алмай жүрген келіншекке малдың белгілі бір мүшесін жегізеді. Таяуда Желіде сол дәстүрге ұқсас видео тарады. Этнограф Болат Бопайұлы Tengrinews.kz тілшісіне осы ырым туралы айтып берді.
Маманның айтуынша, қазақтың ежелгі дәстүрінде, табақ тарту салтында да «Келін табақ» деген жоралғы бар.
«Келінге арнап жасаған «Келін табаққа» тойға, жақсы ырымға арнап шалған ақсарбас қойдың асқазанындағы ұлтабар деген ішекті кәделі жіліктермен бірге асып, келін табаққа тартады. Ол «Келін ұл тапсын», «Ұрпақты көбейтсін» деген жақсы ырымы», — дейді ол.
Этнографтың сөзінше, кейін ет кесіп отырған адам ұлтабардың бір бөлігін кесіп алып, сол үйдегі келінге «Ұлды бол», «Ұрпақты бол» деген тілек айтып, оң қолының алақанына салып ұсынады. Ұсынған ұлтабарды келін оң тізесін бүгіп, ізет құрметпен сәлем етіп келіп, оң алақанымен тосып алып жейді.
Фото: ernur.kz
«Сол қолмен ұсынбайды. Сол қолмен ұсынса, тіл азар қыз туады. Ұлдың орны қызға ауысып кетеді деп ырымдайды. Ал алақанға салып беруі халқының алтын алақанында аяулы болып өссін дегені. Ұлтабарды табаққа салып, етпен бірге әкелуі көптен қалмасын, жеке жүрмесін, өзімшіл болып кетпесін, көпшіл болсын деген ырымы», — дейді Болат Бопайұлы.
Оның айтуынша, бір ғана ұлтабардың өзінде әдеп пен сенім, наным мен үміттің тамаша дәстүрі бар. Ұлтабарды той жасамаған қыз балаға бермейді екен. Әйтпесе, қыз бала әдепсіз, ұятсыз болып кетеді деп жаман ырымға жорыған. Ал ұл балалар оны келіннің асы деп жемейді екен.
«Қазақ ұлтабарды ұл таппай, үнемі қыз тауып, немесе бала көтере алмай жүрген жас келіншектерге арнайы ырыммен береді. Қонаққа келген апалар ұлтабарды сұрап алып, үйіндегі бала көтере алмай жүрген келініне апарып жегізеді. Сөйтсе ол келіншек бала көтереді деп сенеді. Бұл ырымның терең психологиялық мәні бар. Расында, бала көтере алмай жүрген келіншек ұлтабарды ырымдап жеген соң, ол өзіне сенімді болады. Бала көтертетін дәрі ішкендей сенімге келеді. Бала көтеруге талпынады. Қорқыныш, үрейден арылады. Сондай нық сенімге келген келіншек бала көтере алады. Осыны қазақ аналары өте жақсы білген. Ұлтабар ырымының түп төркіні осындай ізгі тілектен шыққан», — дейді ол.
Фото: okg.kz
Болат Бопайұлы желіде тарап жатқан видеоға қатысты пікір білдірді. Кадрлардан әйел адам сойылып жатқан малдың бір мүшесін алып, қыздың басынан, кейін алақанынан ұрғанын көруге болады. Этнограф қазақта мұндай ырым болмағанын айтты.
«Желіні шулатып тарап жатқан видеодағы көрініс дұрыс емес. Піспеген ұлтабармен келіннің басынан, алақанынан ұрып, оны лақтырып жіберу деген дәстүрде де, салтта да мүлде жоқ. Олай істеу жаман ырымға жатады. Табаққа тартылатын аспен бұлай ұрып, лақтыру дұрыс емес. Бұл дәстүрді бұзған, салтты жырмалаған жаман ырым. Бұрынғы заманда мұндайда айып қойып, халықтан кешірім сұрататын болған. Сондықтан қазақ халқының асыл дәстүрі қаз қалпында ғасырлар бойы сақталып келді», — дейді ол.
Маманның айтуынша, ұлтабармен келіншектің басынан ұруды қазақ жаман ырымға балаған.
«Бұл да қазақтың қасиетті салтын бұзу, табанға таптау болып тұр. Бұрын қазақ шикі, піспеген ұлтабармен келіннің басынан ұрса, ол келіннің бағы қашады деп қорыққан. Кейін шала бала туады деп сенген. Алақанынан ұрса, қолына ештеңе тоқтамайтын болып қалады деп ойлаған. Келіннің толғағы ащы болып, өміріне қауіп-қатер төнеді деп қорқады. Ондай жаман ырымды істеуге қатаң тыйым салған. Сондықтан білмеген, түсінбеген ырымды ойдан ойып, қырдан қырып жасау әбестік болмақ», — дейді этнограф.
Қазақ келіні қайын жұртының есімін неге атамаған?
«Үзілді-кесілді қою керек». Маман қазақта қыз алып қашу дәстүрі болмағанына дәлел айтты
Ақ киізге отырғызып, нан ұстату. Этнограф қыз ұзату дәстүрінің бұзылып жатқанын айтты
Ұмытылған дәстүр: қазақтың кешіру салты туралы не білеміз?
По сообщению сайта Tengrinews