Бұрғылаушы Бақытжан Қазбеков: Менің жұмысым – шахта

Дата: 13 ноября 2021 в 13:25 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


Бақытжан Қазбеков Западный кенішінде №2 учаскесінің бұрғылаушысы болып жұмыс істейді. 

«Мен төрт жыл Сәтбаев қаласындағы №1 тау-кен училищесінде оқып, 1997 жылы «Южный» шахтасының жер бетіндегі электр цехына тәжірибеден өтуге келдім. Төртінші курста бізді шахтаға түсірді... Тәжірибеден кейін осында жұмысқа қалдым, бүгінде 24 жыл бойы бұрғылаушы болып жұмыс істеймін. Бірінші рет, әрине, жер астында жүру қорқынышты болды – қауіпті жұмыс. Жұмысқа майданға кеткендей аттанады. Бірақ біз кеніштен қорықпай, жұмыс істеуіміз керек. Менің жұмысым – шахта», — дейді ол.

Ол өз ісінің шебері болуына көмектескен барлық тәлімгерлерінің есімдерін жадынан шығармайды. Қазір олар зейнеткерлік демалыста, осында Сәтбаев қаласында тұрады. Оған бағыт-бағдар беріп, кенжарға басшылық етуді үйреткен солар еді. Тәлімгерлері берген маңызды кеңестердің бірі – төбені дұрыс бақылау. Ол күні бүгінге дейін бұл кеңесті есінен шығармауға тырысады, себебі «басты қауіп әдетте төбеден төнеді».

«Мен үш жыл көмекші қызметін атқардым. Алғашында осындай қымбат техникаға отыру кезінде үлкен жауапкершілік пен қорқыныш сезімі болады. Біз техниканы ұқыпты ұстауға тырыстық. 2002 жылдан бастап өздігімнен бұрғылауды бастадым, 2006 жылы жақсы жұмыс істегенім үшін «Кенші даңқы» төсбелгісімен бірінші рет марапатталдым, 2010 жылдан бастап 2-ші учаскенің бригадирі болып тағайындалдым, 11 жылдан бері бригаданы басқарып келемін. 2018 жылы 2-ші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісін және жақында шахтер күні қарсаңында жақсы нәтиже көрсетіп, қажырлы еңбек сіңіргенім үшін 1-ші дәрежелі төсбелгісін алдым. Адал жұмыс атқару керек, бос жүріспен марапатқа ие бола алмайсыз», — деді кенші.

Жұмыс істеп жүргеніне 24 жылдың жүзі болған Бақытжан Қазбеков «Қазақмыс» корпорациясының тәлімгерлік бағдарламасы бойынша бірталай мамандарды дайындады: ол жаңадан келген мамандарға кәсіптің барлық қыр-сырын үйретті. Кейбіреулері қазір онымен иық тірестіруде.

«Қазір менде дайындық ауысымы бар – таңертең сағат 06.30-да үйден шығып, 16.00-17.00-ге дейін жұмыс істейміз, жұмыс жүріп жатқандықтан кешігіп жататын жайымыз да болады. Міндетімізді атқармай үйге кетпейміз, бәрін аяқтауға тырысамыз, жұмыс жарты жолда тоқтап қалса, біз ешқандай жоспарды орындай алмаймыз. Күнделікті жоспар әзірге 2100 тонна көлемді шығару, ауысыммен бұрғылау – бұрғылаушыға 100-110 ұңғыма бұрғылау – бұл қалыпты жоспар. Күнделікті 200-210 ұңғыма бұрғылау керек. Шәкірттерім бүгінде менімен бірге осы шахтада бұрғылаушы болып еңбек етуде. Көмекші болғандар да қазір бригадирлер, екі шәкіртім дәлізде жұмыс жасайды. 4-ші учаскеде бригадир болып жүргендер де менің шәкірттерім, көмекшілерім болған. Жауапкершілігі мол жас мамандар алға қойған мақсаттарын орындайды. Десе де, менің де адал еңбек етіп, үлгі болуым абзал. Денсаулық болса, осы жерден зейнетке шығамын», – деп жоспарлайды Бақытжан.

Бригадада бәрі жұмыла жұмыс жүргізеді дейді ол. Тәжірибелі бұрғылаушыны бәрі құрметтейді, ол да өз әріптестеріне құрметпен қарайды.

«Бізде жалқауларға жол жоқ, менде ондай адамдар табылмайды, жігіттер өз жұмыстарына жауапты. Әрине, ең алдымен өзіміз үшін де жауаптымыз — қауіпсіздік ережелерін сақтауымыз керек», — деп баса айтты ол.

Мұны бәрі түсінеді: өйткені үйінде әйелдері мен балалары күтіп отыр. Бақытжан бос уақытының барлығын үйде, жақындарының қасында өткізуге тырысады. Олармен қалада серуендегенді немесе табиғатқа шыққанды ұнатады.

Бақытжан кеншілер әулетінен – атасы шахтада, ата-анасы мен нағашылары да «Қазақмыс» корпорациясында жұмыс істейді. Төрт баласының бірі әкелерінің ісін жалғастыруды ұйғарса, бақытты болар едім дейді.

«Жұбайым – менің серіктесім, әріптесім. Ол мектепте жұмыс істейді. Үлкен ұлым Жезқазған қаласындағы байыту фабрикасында электрик болып еңбек етеді, үлкен қызым 11-сыныпта, екінші қызым 6-сыныпта, кенже ұлым 3-сыныпта оқиды. Балаларым мектеп, университет немесе колледж бітірген соң осы корпорацияда жұмыс істегісі келсе, мен оларды қолдаймын. Отбасымыздың әулетінің үзілмейтініне қуанамын. Мен «Қазақмыс» корпорациясының «Западный» кенішінде, №67 шахтада ұңғыма бұрғылаушы болып жұмыс істеп, ел үшін кен өндіріп жатқанымды мақтан тұтамын. Қаламызда жұмыс істеп, отбасымызды асырауға мүмкіндік беретін осындай өндірістің барына қуаныштымын. Өндірістің өсіп-өркендей беруін, жұмыс орындарының саны көбейе түсуін тілеймін», — деп түйіндеді ол. 

По сообщению сайта EKaraganda.kz