«Лаулаған отты бағындырамыз»: 20 жыл бойы еңбектеніп жүрген балқытушы өз жұмысы жайлы ағынан жарылды

Дата: 08 ноября 2021 в 14:05 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


 

Қайрат Егімбаев – Балқаш мыс қорыту зауытының аға балқытушысы. Ол 2001 жылы механика мамандығы бойынша техникумды тәмамдағаннан кейін бірден өндіріске келіп, балқытушы қызметіне бет бұрады.

«Алғашқы күні зауытқа жаңа келгенімде арнайы жұмыс киімін беріп, цехқа апарды. Цех жұмысымен таныстырып, мұнда жұмыстың қалай жүргізілетінін түсіндіріп берген бригадир Қанат Жақыпов: «Жұмыс оңай емес, ерік-жігерді, батылдықты, талапты, табандылықты қажет етеді» деп бірден ескертті. Аға әріптестерімнің лаулаған отты бағындырып, 1300 градустық балқытылған металды ептілікпен науадан науаға аударып жатқан сәтін көргенде олардың шеберлігіне қызыға қарағаным есімде. Мен мансаптағы өмірлік жолымды дұрыс таңдағанымды және металлург болатынымды бірден түсіндім», — деп есіне алды ол.

Айтуынша, оны балқытушылардың батылдығы, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесе тату-тәтті жұмыс атқара білуі тәнті еткен.

Қайрат көптеген «жұмысшыларды» дайындауға өз үлесін қосқан – бұл «Қазақмыстың» өндірістік нысандарында жұмыс істеудің бір артықшылығы, мұнда тәлімгерлік бағыты өте жақсы дамыған. Әрбір жаңадан келген адамға тәжірибелі маман бекітіліп, оның дағдылануына, мамандықтың барлық қыр-сырын меңгеруіне көмектеседі.

«Бүгінгі күні мен БМЗ-да аға балқытушы болып жұмыс істеймін. Менің жұмысым – пешті қарап тексеру, аралап шығу, өлшем алу. Кейде күтпеген жағдайлар да болып жатады. Мәселен, бір жолы пешіміз «жұмыс істемей қалды», температураны жоғарылата алмай, пешті суытып алдық, ал оған жол беруге болмайды. Содан кейін маған әріптестеріммен бірігіп мәселені тез арада шешуге тура келді, кеңескеннен кейін біз күкірт концентратын қосу туралы шешім қабылдадық, көп ұзамай бәрі орнына келді. Мұндай сәттерде күйзеліске төзімді болу, тез және дұрыс әрекет ету маңызды», — дейді балқытушы.

Егімбаевтың айтуынша, қазіргі өндріс дамып, технологиялық тұрғыдан ілгерілей түскен және уақыт өте келе балқытушылардың жұмысы бұдан да жеңіл әрі қауіпсіз болатын күн алыс емес.
 

По сообщению сайта EKaraganda.kz